Алдағы 3 жылға арналған облыс бюджеті бекітілді. Қазынадағы 500 миллиардтан астам теңге өңірдің экономикасын дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталды. Елдімекендерді газдандыру, электр жарығы және ауыз сумен қамту, жол төсеп, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерін салу сияқты маңызды жұмыстар жалғасын табады. Облыс мәслихатының кезектен тыс 17-сессиясында осы өзекті мәселелер қамтылды.
Сессияның күн тәртібіне енгізілген үш мәселе де тұрақты комиссияларда жіті талқыланған. 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджеттің шығыс бөлігінде ІІД лауазымды қызметкерлердің жалақысын көтеру қаралған болатын. Алдында бәріне келісім берген халық қалаулыларының бірі қарсылық білдірді.
Шенділердің жалақысына қаржы облыстан емес, республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл туралы тұрақты комиссиялардың мәжілісінде түсініктеме де берілген болатын. Бұл мәселе қайта сессияда көтеріліп, шу шықты. Осындай түсінбеушіліктен кейін тұрақты комиссия өрағаларын ауыстыруда сөз болды.
Сессияның төрағасы өңіріміздің бетке тұтар депутатарын тәртіпке шақырды. Рәшкүл Оспанәлиева әріптестерінің назарын сайлаушылардың көтерген мәселелерін шешуге аударуға тырысты.
Екінші мәселе бойынша мәслихатта босаған орындарға сайланған депутаттарды тұрақты комиссия мүшелігіне қабылдауға сәйкес өзгерістер енгізілді. Соңғы мәселе — тексеру комиссиясының мүшесі Әбдірахман Тасыбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Сессияның соңында сөз алған өңір басшысы Тәуелсіздігіміздің 26 жылы бой көтерген нысандар және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарды баяндап, оңтүстікқазақстандықтарды Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.