Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев шымкенттік оқушыларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Оқушылар сарайында өткен дәстүрлі мерекелік жиында 100-ге жуық бүлдіршін қуанышқа кенелді.
Аяз ата мен Ақшақар жеткіншектердің көңілін аулап, түрлі ойындар ұйымдастырды. Сонымен қатар биші жас өнерпаздар өнерлерін ортаға салып, сән-салтанаттың көркін қыздырды. Балалар әдемі безендірілген шыршаны айналып, ән салды.
Фойеде ертегі кейіпкерлері, қазақ батырлары, Қар ханшайымы, Аяз Ата мен Қарша қыз, Аққала, Шебер Эльф кішкентай гномдары және «Еркетай» би ансамблі қонақтарды қарсы алып, шаттыққа бөледі.
Қала әкімі оқушыларды жаңа жылдық мерекемен құттықтап, тілегін білдірді. Содан кейін жасыл шыршаға шақырылған кішкентайларға тәтті сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, әр бүлдіршін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды.