Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында заман талабына сай жабдықталған 1200 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді.
№130 жалпы орта мектептің ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында есігін айқара ашып отырған мектеп жаңа бастамаларға бай екенін атап өтті.
— Білімнің деңгейін көтеру үшін мектептің сапасы жақсы болуы керек. Бұл осындай қағидатпен салынған білім ұясы. Балалар салауатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 3 бірдей спорт залы бар. Сондай-ақ, мектепте тігін, ағаш ұстасы сынды түрлі үйірмелердің жұмыс жасауына мүмкіндік мол. Яғни, мұнда білім алған оқушы әмбебап болып қалыптасады. Мұның барлығы Елбасы саясатының нәтижесі, — деді облыс әкімі.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ашылып отырған білім ордасында оқушыларға арналған 61 оқу бөлмесі мен жаңа үлгідегі биология, физика, химия, информатика, мультимедиялы-лингофонды кабинеттер, кітапхана, асхана, акт, спорт залдары мен спорт алаңы, қыздарға және ұлдарға арналған шеберханалар қарастырылған.
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша білім беру саласында биыл 82 нысанның құрылысына 29,8 млрд теңге қаралып, құрылыстары жүргізілуде. Оның ішінде биыл 32 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінге дейін 28 мектеп ашылса, жыл соңына дейін қалған білім ошақтары ел игілігіне беріледі. Ал қалған 50 нысан келер жылға өтпелі.
Аталған 82 нысанның 67-і мектеп, 10-ы қосымша құрылыс, 2-і қайта құру, 1-і колледж, 2-і колледждің қосымша құрылыстары.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі