Шымкенттің полицейлері Абай ауданының аумағында пәтер тонаушыларды қолға түсірді. Облыс орталығындағы дүкендер мен пәтерлерге ұрлыққа түсіп жүрген екі қылмысты топ ұсталып отыр.
Биылғы қараша-желтоқсан айларында жергілікті тұрғындар белгісіз біреулердің бағалы заттары мен мүлкін қолды еткені туралы шағым түсірген. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Абай ауданының полицейлері 1993 және 1994 жылы туған үш күдіктіні қолға түсірді. Үшеуі де Шымкент қаласының тұрғындары, бұрын сотты болған.
Тергеу кезінде ұсталғандардың жалпы сомасы миллион теңгеге жуық шығын келтірген 4 ұрлық оқиғасына қатысы бар екені анықталып отыр. Олар үйде иелері болмағанын пайдаланып, терезеден кіріп, бағалы заттары мен ақшаны қолды етіп отырған. Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Дәлелді айғақтар тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынған.
Сондай-ақ, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Абай полиция бөлімінің қызметкерлері 24 жастағы Ордабасы ауданы мен Шымкент қаласының тұрғынын қолға түсірді. Екеуі де 3 ұрлық оқиғасына қатысты деп күдік бар.