Жыл қортындысы көңіл қуантады. Әсіресе, мектеп тапшылығы мен үш ауысымда оқыту мәселесі шешіліп келеді. Шымкент қаласында 10 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жалпы жыл басынан бері қаладағы үш ауысымда оқыту мәселесін шешу мақсатында 19 мектептің құрылысы басталған. Арна тілшісі арнайы сараптама жүргізіп, су жаңа білім ошақтарын аралап қайтты.
Биыл қолданысқа берілген мектептердің бірі Сәуле шағынауданында орналасқан. №129 мектепте 1300 оқушы екі ауысымда білім алады. Бұған дейін жергілікті оқушылар №76 мектепте үш ауысымда білім алып келген еді. Қолданысқа берілген жаңа мектепте білім алуға бар жағдай жасалған, заман талабына сай жабдықталған. Мұнда екі спорт залы, химия, биология, лингофон кабинеттері мен қолөнерге құштар оқушылар үшін еңбек кабинеттері толық жабдықталып отыр.
Жаңа мектептің ашылуы ата-аналарға қуаныш, балаларға шабыт сыйлады. Ең бастысы, мектепке барар жол жеңілдеп, қатынау жеңілдене түсті. Бұл білім ошағында 58 кабинет ба, олар қажет құралдармен толық жабдықталған. Оған ұстаздар да өз үлесін қосыпты. Бүгінде мұнда 80 білікті маман дәріс береді.
Айта кету керек, жақында ғана осындай тағы бір білім ошағы қолданысқа берілді. 1200 оқушыға арналған мектеп Нұрсәт шағынауданында орналасқан. Оның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі арнайы қатысты. Бұған дейін Нұрсәт шағынауданында жалғыз ғана мектеп бер еді. №80 мектепке оқушылар сыймай, жалдамалы ғимаратта білім алуға тура келген.
Қала аумағында мектеп салу мұнымен тоқтамайды. Алдағы жылы тағы 9 мектеп пайдалануға берілсе, 4 мектептің құрылыс жұмыстары басталады. Кешегі сессияда депутаттар тағы бір мектептің құрылысына қаражат бөлуге келісімдерін берді.
Сала мамандарының айтуынша, бұған дейін тек 3 қабатты мектептер салынып келіпті. Алдағы уақытта ондай білім ошақтарының ғимаратын 8 қабатқа дейін жеткізу жоспары бар. Шымкент қаласында халық тығыздығын ескерсек, ол ұтымды шешім болуы мүмкін. Бұл — әзірге болашақтың еншісіндегі жоспар.
Нұрлан Күдерұлы