Шымкенттегі қоғамдық көлік саласының анық есебі жоқ

332
Шымкенттегі қоғамдық көлік саласының анық есебі жоқ

Қоғамдық көлік мәселесі тағы да талқыға түсті. Шымкент қаласының әкімдігінде өткен келелі жиынға бас қосқан шенділер осынау қызметті жетілдіру қамын пысықтады. Шаһар басшысы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеп, қатаң талаптар қойды.

Қоғамдық көлік компанияларының өкілдері ә дегеннен жұмыс істеуге жағдай жоқ дейді. Айтуларынша, кей аялдамаларда тиісті белгілер орнатылмаған. Белгіленбеген орынға тоқтағаны үшін полицейлердің жүргізушілерді айыппұлға тартатын кездері де аз емес дейді жолаушы тасымалдаушылар.

Қалаға жаңадан қосылған елдімекендердегі жол сапасының сын көтермейтіні де кешкі мезгілдегі қатынасқа кері әсерін тигізеді. Ал жанар-жағармайдың қымбаттауы бағыттағы жүргізушілерге тіпті жайсыз тиген. Жолақысын 100 теңгеге көтерсек те тиімділігі шамалы дейді олар.

Сала өкілдері бағыттағы көліктердің азайып отырғанын жеткізді. Айтуларынша, 10 бағыт бойынша компаниялармен жасалған келісім-шарттар тоқтатылып отыр. Компания өкілдеріне «Вираж-лизинг» компаниясы көмекке келмек. Олар көліктерді несиеге беріп қана қоймай, техникалық қызмет көрсетуді де қамтимыз дейді.

Әкімдік те қолдаудан шет қалмақ емес. Ол үшін алдымен қоғамдық көліктердің табысы ашық көрсетілуі тиіс. Тіпті бір тиынына дейін. Қоғамдық көліктерде жүру құны қымбаттай ма, жоқ па, оны әлі ешкім дөп басып айта алмайды. Әзірге анығы – шығын көбейіп, табыс ортая түскен.

Мақпал Рысбаева