Шымкент қаласындағы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай қала әкімінің «Үздік жастар» аталымын марапаттау рәсімі өтті.
Құрмет иелерінің қатарында Шымкент қаласының көркеюіне үлес қосып, түрлі салалар бойынша жетістіктерге жеткен жастар бар. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін қала әкімі Нұрлан Сауранбаев салтанатты түрде ашып, номинация иегерлеріне диплом мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Дәстүрге айналған «Үздік жастар» премиясы биыл жетінші рет аталып өтілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамның түрлі салаларында (мәдениет, өнер, білім, ғылым, әлеуметтік, халыққа қызмет көрсету және т.б) жұмыс істейтін дарынды, талантты жастарға қолдау көрсету, жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеріп, ынталандыру.
Айта кетейік, «Үздік жастар» байқауының ережесіне сәйкес түрлі аталымдар бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастар байқауға қатысып, іріктелді. Үміткерлерді іріктеу жөніндегі байқау комиссиясының ұсынысы бойынша 26 жас өз салаларында үздік деп танылды.