Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік күні – ғасырлар бойы азаттық аңсаған халқымыздың өшкені жанып, асқақ арманы орындалған күн.
Халқымыз үшін Тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 26 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танымал. Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы саясаты еліміздің қарқынды дамуына, ішкі бірліктің одан беки түсуіне мол мүмкіндік ашты.
Бүгінде егемендігіміздің арқасында Қазақстан халықаралық ареналарда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соның бір айғағы, биыл Астанада халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі табысты өтті. Бұл Қазақстанның экономикалық қуатын жаһандық танудың айқын көрінісі екені сөзсіз.
Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Екі дәуір түйіскен шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы» деген болатын.
Бүгінгі таңда қала экономикасының қай саласын алсақ та, тәуелсіз адамдардың бойынан ертеңге деген ұмтылыс, еңбекке деген құлшынысты көреміз. Қолымыз жеткен жетістіктердің бәрі азаттық пен еркіндіктің арқасында, ұлттық мемлекетіміздің қолдауына сүйене отырып еткен еңбегіміз бен барлық тетіктердің айқын да үйлесімді жұмыстарының нәтижесі деп білеміз. Осы игілікті істерде баршамыздың қосқан үлесіміз бар екеніне қуаныштымын.
Қымбатты жерлестер!
Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау болса, сол бабалардың арманын орындауда Мәңгілік елдің тұтастығын баянды ету біздің басты мұратымыз.
Бірлігіміз бекем, тұтастығымыз берік болғай! Тәуелсіздігіміздің көк туы ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін!
Құрметпен,
Нұрлан Сауранбаев,
Шымкент қаласының әкімі