Оңтүстікте Тәуелсіздік күні мерекесіне тарту ретінде халық игілігіне бес қабатты жаңа 8 үй пайдалануға тапсырылды. Баспана кілттері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша төлебилік 480 отбасыға беріліп отыр. Жаңа қоныс Ленгір қаласының 1-шағынауданында бой көтерген.
Салтанатты іс-шараға облыс басшысы Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов бастаған халық қалаулылары қатысты.
Тұрғындарды арнайы мерекемен құттықтай келген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев пәтер кілттерін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскери және бюджеттік мекеме қызметкерлері мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға салтанатты түрде табыс етті.
— Біздің басты міндетіміз — халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, сапалы қызмет көрсету. Облыс, аудан орталықтарында, елдімекендерде тұрғын үйлер салынып жатыр. Соның бір дәлелі — бүгін сіздердің аудандарыңыздағы 8 үйдің құрылысы аяқталып, 480 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, қуанышқа бөленді. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық елдімекенде Елбасымыздың «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында және жергілікті, облыстық бюджет есептерінен жалғасын таба бермек, — деді әкім.
Төле би ауданындағы үйлердің құрылысына 2016-2017 жылдары облыстық бюджеттен 2 млрд 735 млн 406 084 теңге қаралып, бүгінде толығымен игеріліп отыр. Нәтижесінде 29 264 шаршы метр баспана ел игілігіне берілді.
Қазіргі таңда коммуналды тұрғын үй кезегінде ауданда жалпы 2961 адам тұр. Олардың ішінде 1676 адам халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жатады, 345 азамат жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тізімінде болса, 940-ы мемлекеттік пен бюджеттік қызметкерлер тізімінде тұр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі