Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары барысында қымыз бен шұбаттан құрғақ сүт өнімін өндіретін «Golden camel group LTD» кәсіпорнында болды.
Индустриалды аймақта салынып жатқан инфестициялық жоба келер жылдың мамыр айында іске қосылады. Бүгінде нысан құрылысының 75 пайызы аяқталған. Жұмыс барысымен танысқан облыс басшысы ТМД елдерінде мұндай зауыттың баламасы жоқ екенін айтып, бұл жобаның өңіріміз үшін маңызды екеніне тоқталды.
— Түйе мен биенің сүтінен құрғақ өнім дайындайтын зауыттар облыс үшін өте тиімді. Өйткені өңірде түйе шаруашылығы дамитын болады. Сондай-ақ, жергілікті жұрт жұмыспен қамтылады. Бастысы, отандық шипалы өнімді шетелге экспорттауға мүмкіндік туады, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын зауытта болашақта жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндірілетін болады. Инвестициялық жоба іске қосылғанда 150-ден астам азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта мұнда әзірленген дайын өнім республика нарығынан бөлек Қытай, Сауд Арабиясы мен Гонконг елдеріне экспортталатын болады.
Аймақ басшысы бұдан кейін Оранғай ауыл округінде биылғы шілде айында іске қосылған «Инар А.С.» жылыжай кешенін аралап көріп, қызанақтың өнімділігін байқады. Аумағы 0,5 гектарды құрайтын жылыжайдан бүгінге дейін 20 тонна қызанақ алынған.
Жалпы 40 тонна шамасында өнім беретін кешенде қызанақ пісудің алдында тұр. Кәсіпкер Инара Намазбаеваның айтуынша, алғашқы өнім Түркістан базарына шығарылған. Құны 45 миллион теңгені құрайтын кешенде 10 адам жұмыспен қамтылып отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі