Таскеннен қала орталығына қатынау қиындап тұр

419
Таскеннен қала орталығы қатынау қиындап тұр

Шымкент шаһарының аумағына жаңадан енген Таскен елдімекенінің тұрғындары қала орталығына қатынаудан қиналады. Шағынауданға жүретін жалғыз қоғамдық көлікті жұртшылық сағаттап күтуге мәжбүр. Соның салдарынан жұмысбастылар жұмыстан кешігіп, оқушылар сабаққа дер кезінде жете алмай қиналады.

«Бағыттағы көліктің мәселесін айтып, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады» дейді жұртшылық. Айтуларынша, қоғамдық көліктер таңғы уақытта бірер сағат жүріп, сосын көзден бұл-бұл ұшады екен. Көлікті сағаттап күтіп, біріміз жұмыстан, біріміз сабақтан кешігеміз дейді тұрғындар.

Таскеннен қала орталығы қатынау қиындап тұр

Елдімекенде бағыттағы көліктерден көрі таксилер көзге жиірек ұшырайды. Автобустан қайран болмаған соң жұртшылық жеңіл көліктерге шығындалуға мәжбүр. Елдімекенге қатынайтын жалғыз автобустан қайран болмаған соң жолаушылар батпақ көшемен жүріп, көрші шағынауданнан көлікке отырады.

Осылайша қала орталығына қатынаудан қиналған тұрғындар жүргізушіге тарпа бас салды. Аты-жөнін айтпаған көлік тізгініндегі азамат жолаушылар таситын көліктердің уақтылы жүретінін айтып, жұртшылықтың ашу-ызасын тіпті ушықтырып жіберді.

Таскеннен қала орталығы қатынау қиындап тұр

Ал жауаптылар қоғамдық көліктердің кестеге сай қатынамауына тасымалдаушы компанияны кіналап отыр. Айтуыларынша, бағыттағы 10 көліктің орнына қазір небары 6 автобус қатынап жүр. Алайда келісім-шартты мерзімінен бұзу мәселесіне келгенде мамандар да қауқарсыз.

Қоғамдық көлік саласына жауаптылар жуырда бұл мәселені бағытқа қосымша «Газель» шағын автобустарын қосу арқылы шешуге уәде етті. Дегенмен, әкімдіктегілер шаһардағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі одан бетер ушығып кете ме деп алаңдаулы. Айтуларынша, жыл басынан бері тиісті талаптардың үдесінен шықпаған 5 компаниямен келісім-шарт бұзылған. Алайда, бос тұрған бағыттарға қызмет көрсетуге құлшынып тұрған кәсіпкер жоқ дейді олар.

Мақпал Рысбаева