«Жарнамаға жаңашылдық керек!»

342

Жарнама мәтіндерінің басынан, Мәдише тәмсілдесек, «бұлт арылмай-ақ қойды». Қатеден көз ашпайтын жарнамаға енді тағы бір жаңашылдық еніп отыр. Нысан атауын ағылшынша жазуға құмбыл кәсіпкерлер өзімбілермендікке салынып, енді латынша жазуға көшіп кетіпті. Ал латынша харіппен жазуға әлі ерте дейді жауаптылар. Өйткені екі рет шығындалуы мүмкін. Бұдан бөлек, ол үшін арнайы құрылған жұмысшы тобының нұсқаулығы қажет. Аталған мәселенің барлығы да бүгін «Жарнама жазуларына қойылатын талаптарды түсіндіру» атты дөңгелек үстелде айтылды.

Көркем сөздің көркін қашырып, қатеден көз ашпайтын жарнаманың тілін түзеуге атсалысса ешкім ешкімнің қолын қақпайды, аяғынан тартпайды. Бұдан бөлек жарнама саласына қатысты қателіктерді түзеп, күзеу үшін бірнеше мекемеге құзірет берілген. Алайда осы құзіреттілікті дұрыс пайдалана алмай отырған жайлары бар.

Мәселен, жолдың бойына қойылатын нұсқаулар, жарықтандырылатын белгілер үшін қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінен рұқсат алады. Екіншіден, рекзвизиттерін сәулет және қала құрылысы бөліміне өткізеді. Ал жарнама мәтіндерінің дұрыс, бұрыстығын мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне тексертіп, сосын ғана сәулет бөліміне өткізу керек. Алайда фронт офис дұрыс бағыт бермейді. Аталған халықтық кеңсе бекітілмеген эскиздерді, жарнама құрылғыларын архитектура бөліміне өткізіп жібереді. Ол бекітілмегеннен кейін оған рұқсат беру мүмкін емес. Оны қайтадан мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жіберу қажет болады дейді жауаптылар.

 

Сәкен Әбдіжаппар, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі: «Грамматикалық қателіктермен қатар тек бір тілде ғана жазып қоятын қателіктер кездеседі. Тіл жағына мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ал ілінуі, орналасуы жағынан қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жүктелген. Осы заңдылық сақталуы үшін қалалық әкімдікте фронт-офисте келісілуі керек. Кез-келген жарнаманы ілінер алдында фронт офиске барып тиісті эскизін тиісті органдармен келісілуі қажеттігін кәсіпкерлер білуі керек.»

Жарнама ілудің де өзіндік талаптары бар. Мәтін жазудың да. Сондықтан да кәсіпкерлер жарнамаға қатысты барлық ережелерден хабардар болуы тиіс. Заңдылықтарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады. Қала бойынша 52 жұмыс тобы құрылған. Төрт аудан бойынша 400-ден аса заңсыздық анықталып, 230-ы ретке келтірілген.

Қасым Ағабеков, облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары: «Бүгінде кәсіпкерлеріміз өз білгендерін жасап әзірден латын харпімен жазып жатқандары бар. Барынша тоқтата тұрған жөн. Жақында ғана жұмысшы топтары құрылды. Төрт бағыттан тұратын. Латын әрпітерін жазу барысында орфографиялық, терминологиялық қолданылу жөнінде қалыпқа келтіру жөнінде нұсқаулық келіп түсуі керек. Содан кейін жарнама агенттіктерінң басшыларын шақырып түсіндіреміз.»