Күнгейлік суретшілер мен қолөнершілер елге есеп берді

1339

Күнгейлік суретшілер мен қолөнершілер қауымы көрермені алдында есеп берді. Өнер иелері көркемсурет галереясына жыл бойы жасаған жұмыстарын қойып, тың туындыларымен таныстырды. Арасында алаш жұртының өткені мен бүгінін баяндайтын, ұмытылар шегіне жеткен ұлттық бұйым-бейнелер де бар. Халықаралық жарыстарда көпті тәнті еткен дүниелер де көпшіліктің назарына ұсынылды.

Бейбіт Бертаев. Қылқабам шеберінің жасы — 30-да. ҚР Суретшілер Одағына мүше болғанына 1-ақ жыл болды. Бүгінде бір емес, 300-ге тарта туындының авторы атанып үлгерген өнер иесі жасқанбай, тарихи тақырыптарға қалам қаузайды. Бұл жолғы көрмеде де тосылған жоқ. Еңбегіне көне Отырарды арқау етіпті.

 

Бейбіт Бертаев
Суретші Бейбіт Бертаев.
«Көне Отырар» суреті.

Бейбіт Бертаев, суретші: «Бұл сурет ерекше, себебі Отырардың қақпасы шынайы өмірдегідей емес, сәл аңызға сүйемелденіп салынды. Қабырғасының қалыңдығы да бейнеден анық байқалады. Ал еңбектің тағы бір ерекшелігі — мен мұндағы күннің ыстықтығын, ауа райын көрсеткім келді. Сондықтан да, көбіне сары түстерді қолдандым. Ал бұлттарының өзі кәнігі суреттердегідей әппақ дөңгеленген пішінде емес,  қаламның қылымен ғана бедерленіп, боялған. Барлығы 2 аптаның ішінде осы туындыны аяқтай алдым».

ҚР Суретшілер Одағының Оңтүстіктегі өкілдері көрмеге жыл бойы дайындаған жұмыстарының таңдаулы топтамасын ұсынған. Мұнда тарих-шежіреге тұнған шығармалар да көптеп кездеседі. Көрменің төрінен халқымыздың төл туындыларының қайта жаңғырған заманауи нұсқалары да табылды. Ал мәдени шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, күнгейде қазір суретшілер мен қолөнершілер, олардың өнерінің өрлеп-өркендеуіне мол мүмкіндіктер жасалып отыр.Айнабек Оспанов, Облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры: «Қазір сурет саламын, оны көпшілікке таныстырамын деушілерге жол ашық қой. Тіпті біз өнер иелері үшін кез келген уақытта осы залды беруге әзірміз! Яғни, мекемеге келіп, өз сурет көрмесін тұрғындар назарына ұсына алады. Ал бүгінгі көрме өте тамаша тақырыпты яғни алуан қырлы бейненің кең топтамасын таныстырып отыр. Күні кеше ғана өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпаздары да жеке жұмыстарын арнайы әкеліп, тұрғындарға ұсынды».  Мәдени шараның соңында, суретшілер мен қолөнершілер қауымы құрметке бөленді. Яғни, жыл бойы өз саласында жетістікке жетіп, ерекше еңбектерімен құнды қорды толықтырған өнер иелері марапатқа ие болды. Оларға арнайы алғыс хат тапсырылды. 100-ден астам жерлесіміздің еңбегі қойылған осынау қорытынды көрме енді ақпан айына дейін жалғасады. Келіп көруге мүмкіндігіңіз бар.

Мөлдір Бекеева