Шетелде білім алатын шымкенттіктердің қатары артуы мүмкін

478

Шетелде білім алатын шымкенттіктердің қатары артуы мүмкін. Себебі бүгін қаламызда «International Education Fair – 2018» атты халықаралық білім көрмесі ұйымдастырылды. Бұл  – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның қолдауымен қолға алынған Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық көрме екенін ерекше атап өтейік.

Ауқымы кең шараға 100-ден астам отандық және АҚШ, Ұлыбритания, континенталды Еуропа мен Азия және ТМД сияқты шет ел жоғары оқу орындары, тіл үйрету мектептері мен білім агенттіктері қатысты.

Ал көрмеге келуші шымкенттіктерді әсіресе «Болашақ» бағдарламасының қызықтырғанын байқадық. Айтулы халықаралық стипендияның иегері болуға ниетті жастолқынның да қарасы қалың.

Жақсылық Махатовтың жасы – 25-те. Бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранты. Биотехнология мамандығын меңгеріп жүр. Жерлесіміз алдағы уақытта «Болашақ» халықаралық стипендиясын еншілеуді мақсат тұтқан.«Шымкенттегі бірегей М.Әуезов атындағы оқу орнын тәмамдай сала, Франция немесе Мәскеуге аттанамын деген жоспарым бар. Әрине, мемлекеттік бағдарлама бойынша бағымды сынап көрмекпін. Елбасымыздың ұсынған мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «Болашақ» стипендиясын да еншілегім келеді. Осылайша шетелде алған білімімді өз еліме келіп кәдеге жаратып, жаңа өндіріс орындарының қызметін бастауына сүбелі үлес қоссам деген арман-мақсатым тұр алдымда», – дейді Жақсылық Махатов.

Ал «Болашақ» бағдарламасы негізінде биыл ғана студент қабылдауға көшкен шетелдік оқу орындарының өкілдері де көрменің төрінен табылды. Малайзиядағы  табиғи ғылымдар мен басқарма университетінің (Management and Science University) аға оқытушысы, профессор Әли Хатибидің айтуынша, осы алғашқы күннің өзінде-ақ, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы 37 жылдық тарихы бар бірегей оқу орнын іздеп келіп, оқу жүйесімен танысушылардың қатары көп.

профессор Әли Хатиби

Әли Хатиби, табиғи ғылымдар мен басқарма университетінің өкілі (Малайзия): «Биыл алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы бойынша студент қабылдауға көштік. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, жауапкершілік. Оқу орынымыз сапалы білім беруде дүние жүзі бойынша көш бастап келеді. Қазіргі уақытта ғылыми салалар мен медицина, био және дәстүрлі медицина мамандықтары бойынша да  студенттерге терең білім беріп, сауатты мамандарды оқытып келеміз. Экономика, менеджмент, жаңа технологияны қамтитын түрлі бағыттағы мамандықты меңгеремін десеңіздер де, мархабат! Сондай-ақ, біздің университеттің тағы бір ерекшелігі – оқу орнын тәмамдаған тараптың 98 пайызын тұрақты жұмыспен қамтуға қауқарлымыз. Бұл үшін ірі өндіріс орындары және өзге мекемелермен арнайы келісім-шарттар түзілген».

Ал, ҚР Білім және ғылым Министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті  Жанболат Мелдешов қазір шетелде білім алу үшін  жас толқынға бар жағдай жасалғанын алға тартты. Бұған қарамай, оңтүстікқазақстандықтардың үлесі өте төмен екенін де жасырған жоқ. Мәселен, қазіргі уақытта 70 мыңға жуық қазақстандық шетелде жоғары білімін жетілдіріп жатса, соның 85 пайызы – Алматы мен астаналықтарға тиесілі.

Жанболат Мелдешов

«Оңтүстік өңірінің жастары белсенді болғанымен, шетелде білім алудағы көрсеткіші өте төмен. Бұған себеп – шет тілдерін білмеуі ғана емес, оқу мүмкіндігінен хабарсыздығы дер едім. Осы бір олқылықты жою мақсатында бүгін арнайы білім көрмесін ұйымдастырып, ақпаратты да кеңінен таратуға кірістік. Ал қазіргі шараны қорытындылайтын болсам, Франция мен Германия, Ресей мемлекеттеріне барып, білім алуға құлықты жастардың қатары көп екен. Менің ойымша, биыл Оңтүстіктің 10 мыңдай тұрғыны әлемнің дамыған өзге де елдеріне барып, арнайы бағдарламалар негізінде білімін жетілдіреді. Сондай-ақ, бұл жылы Венгрияда студенттер үшін – 200, ал  Санкт-Петербургте 2000 білім грантын бөліп отыр», – дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті  Жанболат Жарылқасынұлы.

Айта өтетін ақпарат, осынау игі шара аясында қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен білім агенттіктері арасында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында студент алмасу, білім беру бағдарламаларын дамыту бойынша меморандумдарға қол қою, қазақстандық және шетелдік университеттер арасында қос диплом бағдарламалары аясында келісім-шартқа отыру да  жоспарланды. Ал «International Education Fair – 2018» атты халықаралық білім көрмесі Шымкентте әлі екі күнге жалғасады.