Қалада тұрып қара суға жарымай отыр

577

Қалада тұрып қара суға жарымай отыр. «Қызылжар» шағынауданы тұрғындары өзен суын ішіп, әлі күнге құдыққа телміреді. Сапасыз судан денсаулығы сыр берген жұртшылық асқазан, ішек ауруларына шалдығып жатқандарын айтады. Өздерін әлі күнге дейін ауылдық санайды.

Қызылжарлықтар үш көзден су алады. Шағынауданды бойлай аққан Бадам өзені суын
және құдық суын ішеді. Ал қыста қар ерітіп тұтынады. Гүлбану Байсұлтанова қарды қалқып алып, шелекке толтырады. Көп балалы үй тұрмысқа қажетті тіршілік нәрін осылай ажыратып отыр.

Қалада тұрып құдыққа телмірген тұрғындардың уақыты мен қаражаты су көзін тазалауға жұмсалады. Жұмысшыларға ол үшін айына 30 мың теңге төлейміз дейді қызылжарлықтар. Сондағысы шығатыны лайқа су.

Сапасы күманды су ішіп отырған көпшілік шағынауданда жылдан-жылға аурушаңдық белең алып жатыр деп алаңдайды. Балаларымыз көз алдымызда түрлі тері ауруларына шалдықты деп шағынады.

Қызылжарлықтардың су мәселесі бойынша біз Шымкент қалалық коммуналдық шаруашылығы бөліміне бардық. Бөлім басшысы осыдан 4 жыл бұрын Сайрам ауданынан қала аумағына өткен шағынауданның коммуналдық жүйелерінің сот арқылы шаһар меншігіне өткенін жеткізді.

Алайда су ұңғымалары жөндеуден өтіп, құрылыс жұмыстарының келесі жылы қарқын алатынына сендірген шенеуніктер тұрғындардың қашан сапалы ауыз суға қол жеткізетінін дөп басып айта алмады. Тіршілік нәрінен таршылық көрген жұртшылық мұқтаждығының әзірге шешілетін түрі жоқ.

Мақпал Рысбаева