Заңсыз құрылыс сот шешімімен сүрілді

488

Бес жыл бойы шешілмей келген көршілер дауына нүкте қойылды. Қоңсысын көпшіліктің қолданысынына берілген жер телімін қоршап алып, иелік етті деп шағынған Наталья Смирнованың арызы қанағаттандырылды. Күні кеше сот шешімінің негізінде заңсыз құрылыстар сүрілді.

Құзырлылар Ошыбаеваның қарсылығына қарамастан қақпаны сүріп тастады. Қас пен көздің арасында әжетхана, бастырма сияқты қосалқы құрылыстар да қопарылып қалды. Кеңес дәуірі кезінде мақта зауыты жұмысшыларына берілген тұрғын үйлердің бірін алған Дамиржан Ошыбаева қосымша құрылыс жүргізуге жауаптылардан рұқсат алмаған болып шықты.

Наталья Смирнова осыдан 5 жыл бұрын заңсыз құрылыстың салдарынан үйіне кіре алмай қалғанын айтады. Сотқа арызданған себебім де осы дейді ол.

Наталья Смирнова, тұрғын: «Өз үйіме өзім кіре алмай, көршінің ауласынан жүремін. Қанатым жоқ, әйтпесе, ұшып кірер едім. 5 жыл болды шағымданғаныма. Осы уақытқа дейін созылып келді».

Ал сот орындаушылары көршілер дауының созбалаңға салынуына қос тараптың ымыраға келмеуі себеп болды дейді.

Айта кетейік бұл дау облыс әкіміне дейін жеткен болатын. Тұрғындар осыдан бірер күн бұрын өңір басшысының жеке қабылдауына келген-ді. Істің мән-жайына қаныққан Жансейіт Түймебаев дау-дамайдың оңтайлы шешілетініне уәде еткен-ді.
Осылайша ұзын-ырғасы 5 жылға созылған көршілер дауына соңғы нүкте қойылды. Заңсыз құрылыс нысандары бұзылып, Смирнованың пайдасына шешілді.