Úı ANONS «Халық қарсы»: Хантағыда не болып жатыр?

«Халық қарсы»: Хантағыда не болып жатыр?

Кентаудағы Хантағы ауылында дау туды. Қаратау етегінде демалыс аймағының құрылысына тұрғындар қарсы шықты. Ауыл халқы табиғатқа зиян келіп, өзен былғанады деп алаңдайды. Сонымен қатар негізгі күнкөріс көзі – мал жайылымы шектелуі мүмкін. Жоба расымен экотуризм жобасы ма, әлде табиғатқа төнген қауіп пе? Тараптар тартысы туралы алдағы сюжетте толығырақ айтамыз.

 

Хантағы ауылының тұрғындары Қаратау етегіне демалыс аймағын салуға жаппай қарсы шықты. Айтуларынша өзен бойындағы өсімдіктерді қырып, талдарды кесіп жатыр. Сөйтіп табиғатты қорлап тұр  дейді тұрғындар. Олардың  сөзінше, маңайдан демалыс аймағы салынса өзен суы былғанады. Малды жаюға тыйым салынады. Ондайда 7 мың халқы бар ауыл қалай күн көреді? Тұрғындар құрылыстың қалай басталғанын білмей қалдық дейді ашуланып.

 

ІЛЕС ӨТЕГЕНОВ, ХАНТАҒЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бізде істейтін не тірлік қалды? Егіндік егетін жер жоқ. Тау-тас. Тек мал ұстаймыз. Қырдағы шөптің бәрі сарғайып, өшіп кетеді. Сосын өзен бойындағы шалғын шөпке жайылады. Ескі заманнан мал жайылатын жер болып келе жатқан жайылымның  34 гектарын қорық алды. Жарайды алсын. Қалпына келтіріп жатыр. Соған дейінгі аралықты әкімшілік алып қойды. Ол жерге экотуризм жасаймыз дейді».

 

Тұрғындар бұл құрылыстың экотуризмге қатысы бар дегенге сенбейді. Себебі бұл табиғатты қорғау емес, керісінше қорлау сыңайлы. Айтуларынша құрылсты жүргізіп жатқандар бір жарым айдан бері техника кіргізіп, тіпті «Қызыл кітапқа» енген ерекше қорғалатын өсімдіктерді  қырып жойып  тастаған.  Тұрғындар олармен кездесіп, құрылысты тоқтатуға тырысқанымен нәтиже болмапты.

 

МҰХТАР КЕРІМ, ХАНТАҒЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ең басты заңбұзушылық бұл жерде халықтық заңбұзушылық болмаған. Әкімшілік халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілген деп айтып тұр. Тыңдау болған деген сияқты. Ондай болмаған. Халықты жинап, айтқан емес. Мынадай құрылыс жүргізілейін деп жатыр деп…. халықтың бәрі қарсы».

 

Тұрғындар ешкім халықпен санаспады дейді қапаланып. Олар құрылысты тоқтатсын дейді. Демалыс аймағының салынғанына апта болса да дау 2018 жылдан басталған. Жердің нысаналы мақсаты 2025 жылы өзгерген. Құрылысқа рұқсат берілген.  Әкімдік тұрғындардың уәжімен келіспейді. Оның айтуынша, жердің мемлекеттік актісі бар. Жалға алынған. Ол ешқандай заңға қайшы әрекет жасалмайды деп отыр.

 

НҰРДӘУЛЕТ МЕДЕУОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біз дамыған замандамыз ғой.  Судың басынан, соңынан датчик қойыңыз…. қояды».

 

Әкімдік дерегінше, бұл нысан ішкі туризмді дамыту мақсатында салынып жатыр.  Тұрғындарға қорқудың қажеті жоқ дейді. Ал қоғамдық тыңдау өтпегенін жоққа шығармайды. Тыңдау өтеді дейді. Ал келіспесе тұрғындар сотқа дейін барамыз деп отыр.

Дилара Иса