Елеусіз қалған үшем

1101

Хасантай, Зухра, Захра. Биыл туған алғашқы үшемдер. Олар Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы Маулановтар отбасының алғашқы немерелері, кішкентай көз қуаныштары. Жаңа жыл Маулановтар отбасы үшін ерекше қуанышпен бас-талды. Отбасында бір емес, үш бірдей нәресте дүниеге келді.

Жастары енді 20-дан асқан Сайдмұрат пен Гузаль Нұрмиминовтар әп сәтте бір ұл, екі қыздың ата-анасы атанды. Үшемдердің әжесі Халида Мауланованың айтуынша, «шалабайлар» жүктіліктің 32 аптасында кесарь тілігі арқылы туылыпты. Бүгінде шақалақтардың да, анасының да жағдайы жақсы. Әйткенмен, жас ананың сүті жетіспейді. Сондықтан да қосымша құрғақ сүт береді.


Бір мезетте үш баланың әкесі атанған Сайдмұрат Нұрмиминов әлі күнге қуаныштан есін жия алмай жүр. Әйелінің құрсағында бір емес, екі нәрестенің барын естігенде-ақ төбесі көкке бір елі жетпей қалыпты. Ал жүктіліктің 11 аптасында әйелімен бірге ультрадыбысты зерттеуге барғанында үш баласының жүрек қағысын естігенде талып қала жаздапты.


Сайдмұрат пен Гузаль 2016 жылы шаңырақ көтерген. Қос ғашық отбасылық өмірдің алғашқы жылы қалай өте шыққанын байқамай да қалады. Ұлы мен келіні бақыттан басы айналып жүргенде, ана жүрегі немересін қолына алып, бесік тербетуді аңсайды. Сол мақсатпен – Халида апа келінін дәрігерге көрсетеді.

Тек келінін ғана емес, ұлын да апарады. 4 айлық ем-домның нәтижесінде ме, мамырдың мамыражай бір күнінде Гузаль жақсы хабарды енесіне жеткізіп қуантады. Қуанышы қойнына сыймаған Халида апа бүкіл әулеттен сүйінші сұрап, келінін алақанына салады.


Ал Гүзаль жүктілік кезін былай деп еске алады: «Енеме алғаш айтқанымда ол жолдасымнан да қатты қуанды. Мені үй шаруасына да араластырған жоқ. Жүктілігім ауыр өтті. Жүрегім айныды. Тіпті, қан құсқан кездерім де болды. Сондықтан дәрігердің қатаң бақылауында болдым».

Маулановтар отбасы Алланың берген сыйына шүкіршілік етеді. «Ешкімге алақан жаймаймыз» дейді. Бірақ, үшемдер өз үйлерінде емес, немере ағаларының үйінде тұрады. Себебі, өз үйлерінде қыстыгүні жағдай жоқ.

Үшемнің ата-әжесі Кәрімжан мен Халиданың 3 ұлы 2 қызы бар. Сайдмұрат ұлдан екіншісі. Гузальдан бөлек, бұл шаңырақта тағы бір келін бар. Қыздары мектепте оқиды. Енді Хасантай, Зухра және Захра бар. Көп ұзамай үлкен келіні де сәбилі болмақ.


Бүгінде, бір мезетте бір емес үш жанмен толыққан отбасыға барша ағайын туысы көмектесіп жатыр. Айтуларынша, жөргектерді сатып алудан қиналатын көрінеді. Себебі, үшемдерге бір тәулікте 30 дана жөргек керек екен.

Оңтүстікте алғашқы үшем туғанын жаңалықтан жар салып, сүйінші сұрағанымызбен, бұл отбасының жағдайын сұрап ешкім төбе көрсетпеген.
Жас отбасы әлеуметтік қызметкердің бірін бекітіп қояр деген үмітпен отыр.

Халида Мауланова, үшемнің әжесі: «Біздің үйде не газ, не су жоқ. Жағдай жасалмаған. Газ тартқызуға 500 мың теңге керек екен. Дәл қазір ондай ақша жоқ. Балалар жұмыссыз отыр. Сондықтан абысынымның үйінде тұрып жатырмыз. Барша ағайын-туысқа алғысым шексіз. Балаларға қарасуға көмектеседі. Емханадан құрғақ сүт берілуде. Алайда жөргектер жетпей жатыр. Бұл заманда 1 балаға қарау қиын. Ал біздің үйде үшеу. Сәл қиын тиіп жатыр. Күтуші маман керек…»

Сайдмұрат Нұрмиминов, балалардың әкесі: «Не айтарымды да білмеймін. Өте қуаныштымын. Бұл Алланың берген сыйы ғой. Бірінші Аллаға, одан соң келіншегіме рахмет! Алла тағы да перзент берсін».

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ