ОҚО-да «Дұрыс мамандық – жарқын болашақ!» атты жастар форумы өтті

719

Оңтүстік Қазақстан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Назарбаев зияткерлік мектебінде «Дұрыс мамандық – жарқын болашақ!» атты еркін форматта жастар форумы өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен форумның мақсаты – жастарды болашақ кәсіптерін дұрыс таңдауға бағыттау. Форумға Қаратау ауданы әкімі – Ғ.Мәуленқұлов, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білім алған белсенді жастар және аудан аумағына қарасты мектептердің белсенді оқушылары қатысты.

Оңтүстік өңірін жандандыру жолында еңбек етіп жүрген азаматтар жастарға еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтар туралы ақпарат беріп, қатысушы оқушылар ойын мазалап жүрген сұрақтарға жауап алды.

Адам өмірінде мамандық таңдаудан басқа маңызды іс жоқ. Оңы мен солын танып үлгермеген мектеп оқушылары мамандығын дәл таңдайды деп айтсақ, артық айтқандық болар еді. Сондықтан жастар мамандық таңдауда көбіне ата-аналарымен ақылдасып, бір шешімге келіп жатады. Мұндайда жастарға қандай көмек болса да артықтық етпейтіні ақиқат. Осылайша өз ойларын топшылаған форум қатысушылары өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Асхат Нұрлыбаев, кәсіпкер: «Мен өз мақсатыма жету жолында ешнәрсеге мойымадым. Мектепті ерте аяқтап, Қытайдағы жоғарғы оқу орнына түстім.Ондағы ойым өз қажеттілігіме орай мамандық меңгеріп, елге қызмет ету болатын. Өзім туып-өскен өңірде жұмыс істеп жатырмын. Мамандықты дұрыс таңдау болашақтың алғашқы баспалдағы. «Әйтеуір оқысам болды» деп, өзі қаламаған мамандықты меңгеру алтын уақытты жоғалтқанмен тең. Сондықтан қоғамда өзіңдік орныңды қалыптастырғың келсе, онда алдын ала мақсат қоя білген абзал.

Қоғам дамып алға озған сайын, өміріміз күрделеніп, күн сайын неше түрлі мамандықтар пайда болып жатыр. Олардың бәрін мектеп бітіруші түлектер білмейді. Осыған орай, біздер бұл ұйымдастырылған іс-шараны іске асыруды қолдадық. Қазіргі таңда жастардың бір маман иесі болып қана қоймай, өзі таңдаған мамандығын жан-тәнімен сүюі де маңызды деп есептеймін. Мамандығына шын берілген жандар кез келген саланың аяққа тұрып, дамуына септесетіні анық».

Форумға қатысқан жастар өз мақсаттарына шынайы көзқараспен қарап, көкейлерінде жүрген сұрақтарға нақты жауап алды. Сондай-ақ, айтулы шара алдағы уақытта үздіксіз ұйымдастырылып отырмақ.