Шымкент қаласының әкімі жастарды әлеуметтік желіде уақыт жоғалтпауға шақырды

436

Бүгінде форумдар мен конференциялар алаңына айналған Шымкентте тағы бір ауқымды шара өтті. Жастар форумында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жастарға есте сақтар тағылымды әңгімелер айтты.

«Жоғарғы оқу орнын бітірген соң жастар «жұмысқа тұрамын, табыс табамын, үй сатып аламын деп армандайды. Мұның барлығы да адами мақсаттар. Мен студент кезімде-ақ жұмыс істедім. Ол бір қиын кезеңдер болатын. Ата-анамыз бізге көмектесуге мұршасы болмады. Керісінше ата-анамызға бір қолқанат болатынбыз. Кез-келген жұмысты істедім. Достарыммен бірге балмұздақ, ойыншық та саттым. Нәтижесі де жаман болған жоқ. 4 –курста пәтер сатып алдым. Жастарға айтарым: Әлеуметтік желіде уақыт жоғалтқанша жұмыс істеңдер».

Ғабидолла Әбдірахымов жұмыс істеуге және табыс табуға арланудың қажеттігі жоқтығын айтты.

«Базардан дүңгіршек алсаңдар, көтерме бағамен түрлі заттар сатуға болады. Не болмаса шаштаразда да табыс көп. Жұмыстан қашудың, арланудың қажеті жоқ. Керісінше мақтану керек… Германияда оқыған кезімде миллионерлердің балалары арланбай-ақ даяшы болып жұмыс істейтін. Менің таңданысыма олар «Миллион ақша ол әкемнің ақшасы, ал біз өз табысымызды табуымыз керек» деп жауап беретін» деп өз естелігімен бөлісті. Егер ынта, ниет болса алынбайтын қамал жоғына қала әкімі сенімді. Жастарды да осыған үндеді.