«Жақсы келін — ырысың» байқауы өтті

1975

Бүгінгі жас келіндер өздеріне қойылатын талаптарды біле ме? Ақ босағадан алғаш аттаған жас келіннің атқарар міндеттері қандай? Қазақ келіндерінің отбасылық тәрбие, әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту мен оны сақтау мақсатында облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Жақсы келін – ырысың» атты байқау өткізді. Онда өңіріміздің аудан-қалаларынан үздік деп танылған 7 келін бағын сынады.

Келіндердің жетеуі де қазақ халқының ертеден қалыптасқан салт-дәстүрінен құр алақан еместігін байқатты. Өздерінің таңдаулы екендіктерін дәлелдеді. Сондықтан болар бұл бәйге тартысты өтті. Алғашында өздерін көпке таныстырған сұлулар, одан кейін бесік жырын айтып жарысты. «Анамның әлдилеген ақ бесігі» деп аталатын кезеңде жас келіндер балаларын бесікке бөлеп, әрқайсысы өз әлди әуендерін әуелетті.

Қатысушылардың барлығы дерлік жақсы дайындықпен келгенімен бесік жырын айтқанда мүлт кеткендері де болды. Олардың қателігін бағамдаған қазылар алқасы ұлттық құндылықтарымыздың қадірін білетін зиялы қауым өкілдерінен құралыпты. Төрешілер әр кезеңнен кейін жас келіндерге бағаларын беріп отырды. Олар жастардың салт-дәстүрімізді жаңғыртатын байқауға қатысуда белсенділік танытқандарына қуанышты

Маржан Есжанова, айтыскер ақын, қазылар алқасының мүшесі: «Бүгінгі байқауға келіп, көп нәрсеге көзім жетті. Біз жастарды кейде кіналап жатамыз. Салт-дәстүрімізді білмейді деп. Бүгін салт-дәстүрді ұмытпаған, өзінің келіндік міндетін білетін, соны сезінетін қазақтың иілген келіндерін көріп қуанып қалдым. Бесікке салуда кемшіліктер кетті әрине. Бірақ біз мін іздеп, қаза бермедік. Қатысушылардың жақсы жақтарын көруге тырыстық. Бесік жырында келіндер ананың балаға деген мейірімі, махаббаты қанша заман өтсе де өзгермейтінін дәлелдеді. Мұны мен бүгінгі байқаудан тағы бір рет байқадым. Келіндеріміздің ынтасы мені қуантты».

Келесі кезеңде бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырған келіндердің ақылы сынға түсті. Сұрақтар халқымыздың әдет-ғұрып, салт дәстүрлеріне қатысты болды. Сұлуларды абдыратқан нағыз сайыс осы тұста басталды.

Бегалы Әйгерім, жас келін: «Анамнан жақсы тәрбие алдым. Қазақ қызы, келіні қалай болу керек дегенді кішкентайымнан санама құйды. Тұрмысқа шыққаннан кейін асыл енемнен көп тәрбие алдым. Әлі де үйренерім көп. Дегенмен ата-енем маған үнемі алғыстарын айтып, разы болып отырады. Ең бастысы жолдасым разы. Мен соған қуанамын».

Отбасылық тәрбие мен ғұрыптарды сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі негізгі тұлға — келін. Сондықтан да қазақ қыздары жастайынан осы үлкен де жауапты міндетке асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Қазақ келінінің бойынан табылуы тиіс инабаттылық пен ізеттілікті насихаттайтын байқаудың мақсаты да осы еді.

Әділқазылар алқасының шешімімен І-ші орынға Айдана Егеубаева лайықты деп танылды. ІІ-ші орынға Әйгерім Бегалы, ІІІ-ші орынға Айниса Нұрәліқызы ие болды. Ал арнайы номинация бойынша «Іскер келін» Ақбота Сауранбекова, «Өнерлі келін» Дина Сәтпаева, «Дана келін» Әйгерім Бектұрғанова, «Ибалы келін» Гүлмира Батырбековалар марапатталды.