«Бесік – бесік жырынсыз тербелмеуі керек»

4564

Нәресте шыр етіп дүниеге келгенінен кейін алғаш еститін әуені – бесік жыры. Қазақ халқы «сәбидің мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны ерекше» деп қараған. Тәрбиеге тигізер пайдасы да ұшан-теңіз деп білген. Бала бойынан табылатын ізгі қасиеттерді де осы әуенмен байланыстыратындары жоқ емес. Әйткенмен, бүгінімізде киелі әуен бесік жырынан алшақтап, тіпті ұмытқандар да баршылық.

Әр адамның бесік жыры – әр басқа
Қазақ әжелері «бесік жыры – баланың көкірек көзін ашып, жан-дүниесін тербейді, сезімін сергітіп, көңіл-күйін де көтереді» дегенді жиі айтады. Осы бір ауыз сөзден әже мен ана әлдиінің айрықша қасиетін аңғаруға болады. Қазіргі күні бесік жырын айтпақ түгілі оның не екенін білмейтіндер көп. Қазақ халқы сәбидің алғашқы өнер мектебіне санайтын әлди әуен жастар санасынан жырақтап, ұмытылуға айналғаны салт-дәстүрге бей-жай қарамайтын кез келгенді қынжылтса керек. Мақала жазуға дайындық барысында жас қыздар арасында «Бесік жыры деген не?» деген сауалға негізделген арнайы сауалнама жүргіздік. Басым бөлігі «бала жылағанда жұбататын әуен» деген жауаппен шектелсе, кейбіреулері ешнәрсе айта алмады. Десе де жауабына көңілің толатындары аз да болсын бар. Әлди әуенінің мән-мағынасын түсініп, сәбиін бесік жырынсыз ұйықтатпайтын жас келіннің бірі – Айдана Ыдырыс.
«Шымкенттің қызымын. Кішкентайымнан кітап оқығанды жақсы көрем. Әжемнен және анамнан бесік жырын естіп өстім.
Анамның кішкентай ініме:
Әлди-әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байғұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін.
Әлди-әлди аппағым,
Қойдың жүні қалпағың.
Жұртқа қоңыр болса да,
Өзім сүйген аппағым, –
деп басталатын әлдиі әлі құлағымда. Анам інімді әлдилей бастағанда бәрімізден үн шықпайтын. Отбасымызда үнсіздік пайда болады. Қазір ойласам бәріміз үнсіз ғана әуенге ұйиды екенбіз»

Осылай әңгімесін бастаған Айдана әжесі мен анасынан көріп өскен тәрбиесін жадында сақтаған. Сондықтан болар, Жаратқанның берген төрт перзентін де бесік жырынсыз өсірмеген.
«Әркім бесік жырын өз қалауынша айтады ғой. Бірақ басталуы бірдей. Әлди-әлди ақ бөпем… Содан кейін аналар баласының қылығына, сыртқы түр келбетіне қарай өзінше өлең жолдарын құрастырады. Болашақта баласынан қандай үміт күтетінін әрі өзінің перзентіне қатысты арман-тілектерін де осы бесік жырына қосады. Бір кітаптан оқығаным бар. Бұрындары қазіргідей мүмкіндік жоқ кезде келіндер ауылына, еліне-жеріне, отбасына деген сағынышын да бесік жыры арқылы жеткізген екен. Ал бүгінде төркініңді сағынуға да мүмкіндік жоқ қой, шынын айтқанда. Сондықтан мен әлди әуенімді әр түрлі айтамын. Әсіресе халық арасында кең тараған
Айыр қалпақ киісіп,
ақырып жауға тиісіп.
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
түрлі ою ойысып,
шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
сөзіңді жұрт мақұлдап,
шешен болар ма екенсің? –
деген нұсқасы қатты ұнайды. Осы сөздерді көп қолданамын. Бесік жырының құдіреті сол шығар – әлдилей бастағаннан бала тынышталады. Кейде балаларым осы әуенді арнайы күтіп, тағатсызданатын сияқты көрінеді. Тек бала ғана емес, өзіңнің де жаның жай тапқандай болады. Сәбиінің әлдиді тыңдап, балқып ұйқыға кетіп бара жатқан бейкүнә жүзін көргенде кез келген ана шаршауын ұмытып, өзін ерекше бақытты сезінері сөзсіз. Бұл сөзіме бесік жырын айтатын барлық ана қосылатынын білемін»

«Қызым, бесік жыры дегеннің не екенін білесің ба?»
Айдананың бесік жыры және оның тигізер пайдасы мен тәрбиелік мәні жайлы әңгімесі көкейімізде қалды.Ол 32 жастағы 4 баланы өмірге алып келген аяулы ана, асыл жар. Айтуынша, енесі де халқымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына асқан құрметпен қарайды екен. Тіпті алғаш енесімен танысуға барғанда әңгіме арасында «бесік жыры дегеннің не екенін білесің бе?» сұрапты.

«Апам (енесі-ред.) қаланың қызын алам дегенде аздап қобалжыған кездері де болыпты. Біріншіден, баласы – бір үйдің жалғыз ұлы. Сондықтан ол қалада оқыса да кейін ауылда тұратынын айтқан еді. Енді бір адамды шынайы жақсы көрсең, әрқашан оның қасында болғың келсе ол қайда барса да соның етегінен ұстайтының анық. Менде қарсылық болмады. Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан күйеуім ауылдағы мектебімізге жұмысқа орналастыратынын айтқан. «Саған қай жерде ыңғайлы болса сонда тұрамын» дедім. Бұл сөзіме апам сенгісі келмесе керек: менімен бетпе-бет жолығып арнайы танысқысы келіпті. Енді кез келген қыз өзінің болашақ енесімен танысарда алдын-ала қобалжып, «осындай сұрақтарды қойып қалады-ау» деп жаттығатыны рас. Мен де солай жаттықтым. «Былай сұраса, былай жауап берем» деп дайындалдым. Дайындығым да босқа кеткен жоқ. Арасында сұрақтар болды. Алайда апам мен күтпеген бір сұрақ қойды. Ол осы бесік жырына қатысты сауал еді. Біз кездескен кафеде кішкентай балаларымен келген адамдар көп болды. Оларға қарап отырып «Қызым, сен бесік жыры дегеннің не екенін білесің бе?» деді. Мен білетінімді айтып жатырмын. Кітаптардан оқығанымды. Одан қалса анамның ініме қалай бесік жырын айтатынын әрі өзімнің әжемнен осы тақырыпқа қатысты көптеген тәрбиелік мәні бар әңгімелер естігенімді айттым. Апамның жүзі жайнап, маған разы бола бастағанын байқадым. Содан кейін баласына қыз ұнады. «Аламыз» депті ғой»

Айдананың сөзінше, апасы да бесік жырына айрықша мән береді. Күнде немерелерін әдемі дауысымен әлдилеп, ұйықтатады екен. Әңгімеден түйгеніміз – өзінің әжесі мен анасынан көрген тәрбиесін апасы арқылы жалғаған ақ келіннің балалары да бұл дәстүрді үзіп алмайтынына сендік. Айдана сөз соңында «Қыз баласы – болашақ ана, әрбір отбасын жамандық атаулыдан қорғаушы. Сондықтан әрбір ана өз баласын ұлтымыздың ерекше қадір дарыған салт-дәстүрімен тәрбиелесе, ол баладан ерсі әрекет шықпайтынына сенімдімін» деп тілеуін жеткізді. Ал біз өз кезегінде «Айдана сияқты келіндеріміз көп болғай» деп тілек білдірдік.

«Бесік жырын үлкендер де тыңдайтын»
Қалалық ардагерлер кеңесі,әжелер алқасының төрайымы Шарапат Құрманбекованың айтуынша бұрындары әлди әуенін үлкендер де мән беріп тыңдаған.

«Бұрын келіндер бесік жырына қоса халық әндерін де айтатынбыз. Оны тек сәби ғана емес, сол үйдің үлкендері де тіпті ауыл адамдары да құлақ түре тыңдайтын. Білген адамға мұнда үлкен мән-мағына мен ерекше тәлім-тәрбие жатыр. Аналар перзенттерін әлдилей отырып, халқымыздың небір керемет әуезді әндерін қалықтата шырқайды ғой. Ал осы әуендер кішкентай нәрестенің құлағына ертеден сақталады. Осындай керемет тәрбиелік мәні зор халық әндерін тыңдап өскен баланың бойына ұлтына адал, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына берік қасиеттер қалыптасады. Қазіргі жас буынның халық әндерін айтпақ түгілі білмей, домбыра әуеніне әуестенбей, өлең-жырға назар аудармауының бір себебі – осы бесік жырының ұмыт қалуында болса керек. Бесік – бесік жырынсыз тербелмеуі керек. Бұл бесік жыры сонау ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүріміздің негізі. Осы әлди арқылы баланың дамуын, оның сезінуін, әуезді әнді тыңдай алатындығын анықтай аламыз. Немерелерімді бағып-қаққанда осы бір жағдайға көзім жетті. Мысалы менің тұңғыш немеремнің есімі – Қажымұқан. Дүниеге келе салысымен осы бір қазақтың қасиетті әлдиімен өсірдім. Әрине, сол бүкіл қазаққа белгілі әлди-әлди ақ бөпемнен бастап ары қарай өзімізше әлдилейміз ғой.

Қажекем, Қажекең
Отбасын мәз еткен.
Әжесі әуенмен
Әлдилеп тербеткен, –
деп айтып бастаған кезде ол дереу ұйықтайтын. Сол кезде анау-мынау шаруаларыңды бітіріп аласың. Арасында оянып кетіп, жылай бастағанда тағы сол әуенге басамын. Бесікті барып тербетпесем де менің әлдиімді естіген балапаным қайта ұйқыға кететін. Міне, осындай сәттерден кішкентай нәрестенің де сезіну қабілетінің бар екенін байқауға болады. Қазір Қажымұқаным – үлкен азамат. Әлдилеп отырып қазақтың небір керемет халық әндерін де айтамыз ғой. Немерем содан болар халқымыздың ұлттық аспаптарына, өзіміздің әуезді әндерімізге жақын боп өсті. Әже, ана деген осы бесік жырын айтқан кезде баласын болашақта қиялындағыдай, ойлағанындай азамат болуын қалайды. Ал сол мақсатты, арманды сезінген бала да анасының қалауынан асып кете алмайды. Көпті көре жүріп осыны түсіндім. Өйткені бесік жырымен бірге бесіктің өнегесі, бесіктің тәрбиесі, бесік тазалығы сол балаға беріледі. Міне, бесік жырының құдіреті осында жатыр. Сондықтан, қазіргі жас аналарға балаларын бесік жырымен әлдилеп, бесік жырымен сусындатып өсірсе, ол баланың болашағы жарқын болатынын айтқым келеді. «Жас буын бесік жырына әшейін әуен ретінде қарамай оның қадір-қасиетіне жетсе екен» деп тілеймін».

Бесік жыры

Әлди-әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байғұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін.

Әлди-әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Қонақ келсе, қой, бөпем,
Қой тоқтысын сой бөпем,
Құйрығына той бөпем.

Айналайын, күн бөпем,
Бурыл тайға, мін бөпем.
Ақ қызы бар үйінде,
Ақылбайдың үйіне,
Бұрала басып түс, бөпем,
Қымызынан іш бөпем.

Бесікке бөлерде

Мойнымдағы тұмарым,
Тарқамайтын құмарым.
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп.
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал-жаным

Бесіктен шешіп аларда

Анасы шешіп алсын,
Ұйқысы бесікте қалсын.
Балам бесіктен шықсын,
Пәле есіктен шықсын.

Шарапат апа мен Айдана келіннің бесік жыры турасында айтқан ғибратты әңгімесінен толқымай қалу қиын. Ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесіне қатысты әдет-ғұрыптары көп-ақ. Соның ең бастысы – әрі маңыздысы баланы бесікте жатқанынан ұлтжандылық пен ізгі қасиеттерге жетелейтіні ол – бесік жыры. Жазғанымыздан ой түюді оқырман өзіңізге қалдырдық. Дегенмен, Жаңғырық айдарының әрбір мақаласынан аз болса да әркім өзіне керегін алса, мақсатымыздың орындалғаны болар еді.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті

№28, 11 ШІЛДЕ 2018 ж.