Йод жетіспеушілігі «алқымнан» алғанда…

3103

Балаңыздың бойы өспей, кешеуілдеп жатыр ма? Шашы түсіп, есте сақтау қабілеті төмендеді ме? Үлгерімі нашарлап, сабаққа немқұрайлы қарап жүр ме? Ендеше уақыт созбай дәрігерге жүгініңіз. Себебі, бұл йодтың жетіспеушілігінен пайда болатын жемсау, яғни, зоб ауруының алғашқы белгілері.

Йод жетіспесе – қалқанша безі ұлғаяды!
Жемсау – қалқанша безінің ұлғаюынан пайда болатын ауру. Қалқанша безінің ұлғаюы мойынның жуандауына әкеледі. Ол көбіне су мен аста йод құрамы аз болып келетін таулы аймақтағы тұрғындарда жиі кездеседі.
Облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Райша Төлеушованың айтуынша, біздің өңір де йод тапшылығы аймағына жатады. Сондықтан да, облыс тұрғындарының үштен бірінде йод тапшылы байқалады. Десек те, йод тапшылығы ауруға жатпайды екен. Ол әртүрлі патологиялық жағдайларға алып келетін фактор болып саналады. Сәйкесінше, облыстық клиникалық ауруханасында йод тапшылығымен есепте тұрғандар жоқ. Алайда, қалқанша безі ұлғайып профилактикалық ем-дом қабылдайтындар аз емес.
Қалқанша безі құрсаққа сәби біткен сәттен бастап дамиды. Салмағы 5 грамм (ересектерде 15 гр) болатын қалқанша безі адам ағзасының «дирижері» іспетті. Яғни кішкентай болса да, ағзаның барлық мүшелерін басқарады. Олардың дұрыс дамуына әсер етеді. Сондықтан да кез келген жан құрамында йоды бар тағамдар мен қосымша дәрілерді қабылдауы керек. Әсіресе, болашақ аналардың ас-ауқатында йодталған тағамдар көп болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда құрсақтағы нәрестенің қалқанша безі асқынады. Мұндайда түсік тастау қаупі жоғарылайды. Немесе нәрестенің ақыл-есі кемтар болып туылады. Ал ересектерде депрессия, әлсіздік, шаршау, жыныс бездерінің қабынуы, етеккір циклының бұзылуы, белсіздік пайда болады. Ең басты белгісі – шектен тыс ашушаңдық. Қолы-аяғы, басы қалтырап, көзі шарасынан шығып кете жаздайды. Бұл – аурудың асқынған түрі,-дейді дәрігер.

Тұзды дұрыс қолданбай жүрміз!
Адам қанының құрамындағы йод мөлшері жыл мезгіліне байланысты азайып-көбейіп отырады екен. Қыркүйек, қаңтар айларында қан құрамында йод мөлшері азайып, ақпанда көтеріледі. Ауа температурасы жоғарылап, күн жылыған мамыр айларында йод жоғарылайды. Еркектерге қарағанда, әйелдерде йод тапшылығы 3-4 есе көп кездеседі. Ағзадағы йодтың 90 пайызы тамақ арқылы толықтырылады.

Райша Төлеушова, облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері:
– Тамаққа қаптамасында: «йодталған тұз» деп жазылған тұзды қосқан жөн. Халық көбіне қазіргі тұзға күмән келтіреді. Десек те, тұздың құрамында йод болады. Бірақ біз оны дұрыс пайдаланбай, құрамын құртамыз. Мәселен, тұздың бетін ашық қалдырамыз. Немесе оны пластмасса не темір ыдысқа салып қоямыз. Көбіміз тұзды тамақты пісіріп жатқанда қосамыз. Бұл дұрыс емес. Біріншіден – тұздың бетін ашық қоюға болмайды. Мұндайда йод ауаға ұшып кетеді. Екіншіден – тұзды тек шыны ыдыста сақтау керек. Сонда ғана оның құрамы өзгермейді. Үшіншіден – тұзды астың дайын болуына 5-10 минут қалған кезде ғана қосу керек. Егер оны ерте салып қайнатсаңыз йодтың құрамы өзгеріп шыға келеді.

Зобтың алдын алу
Осыдан зобты болдырмаудың бірден-бір жолы – тағамға құрамында йоды бар тұзды қосу екенін ұқтық. Сонымен қатар, йодқа бай жаңғақ, құрма, краб, теңіз қырыққабаты және балық етін жеген абзал. Осылайша нәрестелердің ағзасына тәулігіне – 50 мкг, мектеп жасындағы балалар үшін – 50-90 мкг, жасөспірімдер үшін – 120-150 мкг, ересектерге – 150-200 мкг, жүкті әйелдерге – 250 мкг йод беріліп отыруы керек.
Сол себепті, балаларға жоғарыда аталған тағамдарды жегізу керек. Ересектердің де мұндай тағамдарға қолы жете бермейтіні жасырын емес. Арамызда теңіз өнімдерін ұнатпайтындар бар. Ал кей тағамдарды көп жеу зиян. Мәселен, жаңғақты көп жесеңіз артық салмақ жинайтыныңызды ұмытпаңыз. Құрма мезгілдік жеміс. Сондықтан да оны да кез келген кезде таба алмассыз. Мұндайда ақ халаттылар йодталған дәрі-дәрмектерді ішуге кеңес береді. Оны кез келген дәріханадан сатып алуға болады. Десек те, егер сіз өз бойыңыздан не балаңыздың бойынан жоғарыда аталған белгілерді байқасаңыз бірінші кезекте эндокринолог дәрігеріне қаралыңыз. Тек дәрігер ғана жағдайға бағасын беріп, зобтың бар жоғын анықтай алады.
Денсаулығыңызға немқұрайлы қарамай, дұрыс тамақтанып, құрамында йоды бар дәрілерді уақытында қабылдасаңыз, бірнеше аптада жағдайыңыз түзеліп, қалқанша безіңіз алқымыңыздан алмайтын болады. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ