Күнгейде Ұлы ақын, қазақ ойшылы — Абайдың өлеңдері дәріптеліп жатыр. Дәлірегі, облыстық «Абай оқулары» байқауы өтті. Көркемсөз оқу шеберлері арасында өрбіген сайысқа бұл жолы аудан-қалалардан 15 үміткер жолдама алған.
Ұйымдастырушы тарап — облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл әдеби жарыстың ереже-талаптарына аз-кем өзгерістер енгізілген. Яғни, қатысушылар бір Абайдың емес, өзге де әйгілі қаламгерлердің шығармаларын оқып, проза және поэзия кезеңінде таланттарын таразылай алды.
Асылхан Темірхан, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Сайыста үміткерлерге тек Абайдың емес, өзге де ақын, жазушылардың еңбегін оқып, өздерінің мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетуге мүмкіндік беріліп отыр. Және жас ерекшелігі 17-29 жас аралығында болуы міндеттелді. Алдағы жылы бұл жарысты тек жастар емес, мектеп оқушыларына да қатысты етіп өткізу ойда бар. Өзге ұлт өкілдерін де тартып, Абай оқуларының деңгейін көтеруді мақсат тұтып отырмыз».
Сонымен, «Абай оқулары-2018» әдеби сайысының бас жүлдесін Түркістан қаласының таланты Марғұлан Өтебек жеңіп алды. Жеңімпаз енді республикалық бәсекеге қатысып, Оңтүстіктің намысын қорғайды. Айта өтейік, осынау жырқұмар жастар жарысы биыл күнгейде 7-ші рет ұйымдастырылып отыр.