Әз Наурыз мерекесі Қазығұртта тойланады

1114
Наурыз мерекесі құтты болсын!
Фото © Хусан Азизов. Наурыз мерекесі құтты болсын!

Биыл күнгейдегі ауқымы кең әз Наурыз мерекесі Қазығұрт тауының төрінде тойланады. Айтулы мейрамның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, айырықша аталып өтілуі үшін жергілікті қазынадан 34 миллион теңге қаржы жұмсалуы мүмкін.Өткен жылы рухани шаһар – Түркістанның төрінде тойланған Наурыз мерекесі биылдан бастап, таулы аудан – Қазығұртта қолға алынады. Яғни, иісі мұсылман қауымның айтулы мейрамы енді жыл сайын 21-наурызда, тек осы таудың бөктерінде, Атбұлақ ауылының аумағында аталып өтіледі.

Мұндай маңызды ақпаратты бүгін облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшылығы тілшілермен өткен жиында мәлімдеді. Айтуларынша, бұл жоба «Ғасырлар сыры…Нұх Пайғамбардың кемесінің тоқтаған жері – тіршіліктің бастауы» ұғымымен астасады. Және қазіргі уақытта мәдени шаралардың жоспары да бекітіліп қойған. Бірақ, бұл жолғы тойдың ауқымы анағұрлым кең.

Асылхан Темірхан, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қазығұрт тауының бөктерінде 40 киіз үй тігіліп, этно-ауыл құрылады. Және сол этно-ауыл іргесіне Қазығұрт тауы іспеттес арнайы қақпа қойылып, сол аумақтың ішіне қолөнер шеберлерінің туындылары, ұлттық тағамдардың көрмелері ұйымдастырылады. Ұлттық ойындар да осында ойналады деген жоспар бар. Және осы жерге кіші сахна қойылып, 15 аудан-қаланың арнайы мерекелік бағдарламалары мен концерттік қойылымдары сонда көпшілікке ұсынылатын болады».

Қазығұрт тауының баурайындағы мәдени бастамаға өзге емес, тек жергілікті яғни 1000-нан астам өнерпаздар мен мәдениет саласының қызметкерлері, студенттер жұмылдырылады. Сондай-ақ, аңыз-қойылымдар үшін театр әртістерімен қатар, 300-ге жуық жылқы, 20 түйе қарастырылып отыр. 8 арба тартылады. Дәл осы көрініс-бейне тойдың көпшілікке ұсынатын негізгі кәде-тартуы болмақ.

«Негізгі іс-шара – «Тіршіліктің бастауы – Қазығұрт» деп аталады. Сағат 11-00-де, үлкен сахнада басталады. Үлкен сахна – Нұх Пайғамбардың кемесі кейпінде жасалып, безендірілген. Сахнаның ұзындығы – 48 метр, алдына 2000-нан аса орындықтар қойылатын болады. Дәл осындай керемет көрініс арқылы жердегі тіршіліктің бастауы, яғни, киелі кеме тоқтаған сәт, Нұх Пайғамбардың кемеңгерлігі де көрермен назарына ұсынылмақ», – дейді  облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Асылхан Темірхан.

Ал 19-21-наурыз күндері барлық білім беру ұйымдарында мерекелік суреттер көрмесі мен көрнектілік сағаттары өтеді. 20-наурызда Қошқар ата өзенінің бастауында дәстүрлі «Қошқар ата Сейілі» тағлымды шарасы ұйымдастырылмақ.

Араға күн салып, «Жайна Шым-2018» фестивалі мен Ш.Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы және «Оңтүстік цирк» мекемесінің әртістері көпшілікке мерекелік бағдарламасын ұсынбақ. 22-наурыз күні орталық атшабар алаңында ұлттық спорт түрлерінен сайыс қолға алынбақ. Және шаһарамыздағы «Наурыз алаңында» қала әкімдігінің бастамасымен мерекелік шеру өтеді.

Жас пен жасамысқа арналған концерт – қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен қойылады. Наурыздың 23-жұлдызында дәстүрлі «Наурыз» айтысы айтыскер ақындардың өнерін сарапқа салады. 24-не «Ашық аспан» атты ерекше аэронавтика фестивалі жерлестеріміз үшін жаңалық болмақ.

Дәл осы күні «Ташкент-Шымкент бағытында» велошеру өтіп, кіл мықтыны анықтайды. Сонымен, тойлануы 5 күнге ұласатын Ұлық мерекеде Шымкентте барлығы 30 мәдени шаралар ұйымдастырылса, ауыл-аудандарда 100-ден астам мерекелік жобалар жүзеге аспақ.