Шымкентте «Арай-2018» байқауы басталды

931

Күнгейдің үздік жас әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері анықталып жатыр. Дәлірегі, бүгін облыстық «Арай-2018» өнер байқауы басталды.Мәре-сәре. Үміт пен күдіктің таласуы. Өлең сөздерін жаттап, әуенін қайталау. Мұндай қобалжу сезімдерін «Арай -2018» өнер байқауының үміткерлері ең алдымен сахна сыртында сезінді.

Қайыржан Бөгенбай. Жасы – 20-да. Сахна төріне алғашқылардың бірі болып көтерілген кейіпкеріміз көптің алдында Елордамыз Астанаға деген құрмет-махаббатын әнімен жеткізуге тырысты. Соңында, Шымкенттің намысын қорғаған жігіт қазылар алқасының сынына ұшырады.

«Қазылар алқасының шешімімен келіспеймін, айтқан сын-пікірінің 50 пайызы ғана дұрыс. Биыл мен қалай да жүлделі орын аламын. Себебі, бұған дейін осы байқауға 2 рет қатыстым, сондықтан биыл жеңістің төрін бағындыру жоспарда бар», -дейді  Қайыржан Бөгенбай.

«Өнерге – әркімнің-ақ бар таласы». «Арай-2018» өнер байқауы – күнгейдің үздік жас әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілерін анықтауға бағытталған. Ұйымдастырушы тарап – мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшылығының айтуынша, биыл қатысушыларға қойылатын талап анағұрлым жоғары. Яғни, бұған дейін, үміткерлер бірінші – патриоттық, екінші кезеңде еркін тақырыптағы шығарманы орындауы тиіс болса, бұл жолы патриоттық және Елордамыз – Астананың тариx-тағлымын ғана әнге арқау етті. Ал жас таланттардың дарын-қабілетін 16 адамнан құралған қазылар алқасы бағалауға кіріскен.Айта өтейік, биыл «Арай-2018» өнер байқауы 23-ші рет қолға алынып отыр. Бұл жолғы әншілер мен мәдени іс шара жүргізушілері – жас таланттар тартысына барлығы 450 адам үміткер ретінде қатысса, қазіргі екінші кезеңіне 59 әнші мен 35 жүргізуші жолдама алған. Ал жеңімпаздардың есімі 22-ақпан күні ақтық сында анықталады.

Мөлдір Бекеева