Қалдаяқов атындағы филармонияның жатақханасы – жалдамалы пәтерге айналған

1221

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның жатақханасы қазір жәй емес, жалдамалы пәтерге айналған. Себебі мұнда өңіріміздегі өнер және мәдениет мекемелерінің мамандары жайғасуы тиіс делінгенімен, бүгінде тұрғындардың дені – бөгде саланың студенттері.

Ал бірнеше жыл бұрын мемлекеттен қызметтік және басқа да жеңілдетілген бағдарламалар негізінде пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлаған мәдениет саласының бірқатар қызметкерлері осы жатақханадағы тегін берілетін бөлмесін әлі күнге босатпай отыр екен. Осы және өзге де өзекті мәселелерді айтып арызданған жалдамалы пәтерді жағалап жүрген саладағы әріптестерінің уәжіне біз де құлақ түрдік.

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның жатақханасы – 3 қабатты. Алдымен, мемлекеттің меншігіндегі баспанаға жайғасқан тұрғындармен танысу үшін дәлізді аралап, есіктерін қағып көрдік. Ішке енуге рұқсат сұрағанымызбен, көбісі қонақжайлылық танытпады. Ә-дегеннен-ақ, табалдырықтан аттауға тыйым салды. Тұрғындардың алғашқы қадамдарының өзі – осылай күмән тудырғанына куә болдық.

Белгілі кәсіпкер, Қазақстандағы қайбір той-томалақты қалт жібермейді, төрінен табылатын ару. Жәй емес, қаламақысының өзі ең қомақты болып табылатын әнші Наркенже Серікбаеваны күнгейліктер жақсы таниды. Тыңдармандарының үдесінін шығу үшін әркез «инстаграмм» парақшасына жаңалығын жариялап, шынайы құрметін білдіретін өнер иесі 2 жыл бұрын ғана өзіне жеке зәулім үй салғанын айтып, суретін жариялап, қуанышын бөліскен еді.

Тіпті бұл баспанасын адал еңбегінің арқасында өзі тұрғызғанын айтып, жарияға жар салғаны есімізде. Тыңдармандары да тосылған жоқ, құттықтау тілектерін қарша боратқан. Таңданатыны сол – бүгінде Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда толық емес, жартылай ғана штатта жұмыс жасайтын әнші қалай екені бізге белгісіз, мекемеге қарасты жатақханадан да жеке бөлме алып алыпты. Бірақ үйі бар әншінің қазір мұнда өзі тұрмайды, өзгелерге жалға беріп қойғанға ұқсайды.

 

Айдана Орынбасардың жасы – 18-де. Студент. Өзі және ағасы екеуінің де білім алатын оқу орны осы жатақханаға жақын. Сондықтан, бірнеше жылдан бері Наркенжеге тиесілі бөлмеде тұратын қыз бізге бұл үйдегі бөгде тұрғындарды тізіп, толығымен, жасырмай жайып салды. «Біз бұл жатақханада 2 жылдан бері тұрамыз. Әпкем – Наркенже Серікбаева, оның қызы және інісі – 4-еуміз тұрамыз. Жатақхана жылы, өте ыңғайлы. Өзім политехникалық колледжде «Радиотехника және байланыс» мамандығында 2-курста оқимын. Ал ағам «Авиценна» медициналық колледжінде білім алады. 2 жылдан бері осындамыз», – деді жатақхана тұрғыны Айдана Орынбасар.

Бұл – біз кіріп, хал сұрасқан бөлменің біреуі ғана. Өзге бөлмедегілер тұрғындарды бұлай түгендеуге құлықсыз. Себебі де белгілі. Күмәнді қадамдар бұл ғана емес. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттен қызметтік және жеңілдетілген бағдарламалар негізінде пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлаған мәдениет саласының бірқатар қызметкерлері қазір осы жатақханадағы тегін берілетін бөлмесін әлі күнге босатпай отыр екен. Алған су жаңа баспанасын жалға беріп, жан бағуға кіріскен. Әртістердің заңсыз айласын осылай жанымызға келіп әшкерелеген жатақхана менедждері, «жұмыс» бабын әлде қара басының қамын ойлады ма әйтеуір, сөзінің соңын жұтып қойды.

Ал бұл жатақхана күнгейдегі мәдениет қызметкерлерінің игілігіне 2011 жылдың желтоқсан айында берілген. 3 қабатты ғимарат 24 бөлмелі. Мұнда талап бойынша 14 отбасылы 10 жеке басты тұрғындар, онда да шет жақтан арнайы шақырылған сұраныстағы маман ғана жайғасуы тиіс екен. Барлығы 40 тұрғынға шақталған баспананың тыныс-тіршілігін жіті тексеріп, бақылауы міндетті облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшылығы бұл жолы да әдеттегідей жаттанды сөзінен жаңылған жоқ. Мәселеден бейхабармыз деп міз қақпады.

Диляра Абдуллаева, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы жалпы бөлімінің басшысы: «Бұл жатақхана  – тек мәдениет өнер қызметкерлеріне арналған! Мекеме басшысынан соңғы алған мәліметіміз бойынша, ол жерде мәдениет және өнер саласынан басқа бөтен адам тұрмайды. Біз өзіміз 6 айда, 3 айда таңғы 5-те жатақханаға барамыз,  жағдайын білу үшін, бөтен адамдар тұра ма, тұрмай ма соны анықтау үшін рейдке шығып тұрамыз. Арнайы басшылармен бірге шығып, тексереміз. Сондықтан, бөгде адамдар тұрмайды деп еркін айта аламын! Ал пәтер алған адамдар міндетті түрде жатақханадағы бөлмесін  босатады. Бұл үшін арнайы талдау-сараптау жұмыстары да жүріп отырады. Қанша орын босады, оның орнына қай мекеменің қызметкері келіп, орнады. Ол міндетті түрде бақылауымызда тұрады. Сондықтан бұған да мен келісе алмаймын!»

Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәліметінше, 2016 жылдың 16-желтоқсанында, Тәуелсіздік күні қарсаңында 17 мәдениет қызметкері қызметтік пәтерге қол жеткізген. Және соңғы 5 жылдың ішінде 60-қа жуық мәдениет және өнер мекемелерінің мамандары мемлекеттік және өзге де бағдарламалар негізінде баспаналы болғаны анықталып отыр. Ал қазіргі уақытта өкінішке қарай, өздеріне тиесілі жатақханадан қағылып, үйсіз-күйсіз жалдамалы пәтерді жағалап жүрген қаламыздағы мәдениет қызметкерлерінің саны – 600-ге бір-ақ жеткен.

Мөлдір Бекеева