Осы аптада Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары тағайындалады

850
shymkent.gov.kz

Шымкент қалалық мәслихатының кезекті XXXII сессиясы өтті. Онда қаланың 2017 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есебі, қалалық білім, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімінің есебі, сондай-ақ, төрт аудан әкімдігінің жұмысы тыңдалды. Жиынға қала әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы да қатысты.

Шымкенттің 2017 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есебін қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай баяндады. Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, жыл қорытындысымен өзіндік кірістер жоспары 104,7 пайызға немесе 2 555, 2 млн теңгеге артығымен орындалды. Шығыстар бөлігінің нақтыланған жоспары 131 232, 6 млн теңге болса, жыл қорытындысымен 131 075, 3 млн теңге игерілді немесе жоспар 99,9 пайызға орындалған.

Сондай-ақ, сессияда білім саласының есебі, ауызсу, электр, табиғи газбен қамтамасыз ету, кәріз жүйелері, жылу жүйелеріндегі негізгі жұмыстар да тыңдалды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров тарихи сәттерде мәслихат сессиясының төрағасы болған Хусанхан Ахматханұлына өз алғысын жеткізді.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидола Рахметоллаұлы барша әріптестерін бірлесе жұмыс істеуге шақырып, алдағы бірқатар жоспарларымен таныстырды.

“Келесі аптадан бастап жаңа басқармалар құрылып, қала әкімінің орынбасарлары тағайындалады. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Біз де Астана, Алматы қаласымен барлық жағынан сәйкес болуымыз керек. Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Біздің қызметкерлер елордалық әріптестерімен бірге тәжірибе алмасып қайтады. Негізінен, сәулет, жол салу, аулаларды абаттандыру мәселелері бойынша. Бізде ресурс бар. Тек қана жұмыс істеу қажет. Елбасының тапсырмасын орындауға барлық күш-жігерімізді саламыз”, – деді қала әкімі.

Жиынның соңында кезекті сессияның төрағалығына Ерлан Омаров ұсынылып, мәслихат депуттары тарапынан қолдау тапты.