Úı ANONS Қала әкімі халықпен кездесті

Қала әкімі халықпен кездесті

Қала әкімі тұрғындармен кезекті кездесуін Әл-Фараби ауданынан бастады. Ашық форматта өткен жиында аудан халқы көкейкесті мәселелерін ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Олардың басым бөлігі бейнебақылау камераларын орнату және баспана мәселесін көтерді. Кездесуге бөлім басшылары мен жауапты сала жетекшілері де қатысып, сұрақтарға тікелей жауап берді.

Көшпелі кездесуге Күншығыс, Теріскей және 17 шағын аудандарының тұрғындары келді. Олар қала әкімімен тікелей байланысып, өздерін толғандырған мәселелерімен бөлісті. Айтуларынша, ауданда бірқатар тірліктер атқарылған. Десе де, балалар ойын алаңдарын салу, ішкі орам жолдарын реттеу бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындар саябақтарды көгалдандыру, аулаға бейнебақылау камераларын орнату бойынша сұрау салды.

СҰРАҚ:
«Бізге камера қойған. Рахмет. Өткенде желден кейін камера желілері үзіліп, қараусыз қалып кетті. Екінші сұрағым, аллеяда күніміз өтеді. Былтыр қыркүйек айында сусыз қалып кетті. Көктің бәрі қурап қалды. Кешегі желден кейін бәрі сынып қалды. Орнына қойған бес терек қурап қалды».

ЖАУАП:
«Ол тек қана сіздің үйіңіздің жанында емес, біраз жерде сымдар үзілді, талдар құлады. Қар жауды, артынан жаңбыр жауған соң жердің бәрі босаған. Камералар орнына келеді. Сіз қандай тал еккіңіз келеді? Соған қарай біз тырысамыз».

Сондай-ақ, жиынға келген тұрғындардың бірі мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін пәтерлердің қолжетімділігін арттыруды сұрады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдай жасауды талап етті. Өйткені, тұрғын үй басқармасының мамандары ерекшеліктерін ескермей, үй бергенін айтып отыр.

СҰРАҚ:
«Маған үй берілді, 9-шы қабаттан. Тұрғын үй қатынастары тарапынан заң бұзушылық болды. 1-ші топ мүгедектерге төменгі қабаттан беру керек еді».
ЖАУАП:
«Қазір негізі сіздерге бірінші қабаттан берілуі керек. Пандус бар, баспалдақтардан шыға алмайтын жағдайыңыз ескерілген».

Қала басшысы бұл ұсыныстарды назарға алып, тиісті жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұргүл Жолымбетова