Úı ANONS Сессияда бірқатар өзекті мәселелер талқыланды

Сессияда бірқатар өзекті мәселелер талқыланды

Шымкент қаласының мәслихаты сегізінші шақырылымдағы кезекті отыз төртінші сессиясының күн тәртібін бекітті. Қабылданған шешімге сәйкес, сессия барысында алты мәселе қаралады. Атап айтқанда, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Төтенше жағдайлар қызметі кез келген апатты жағдайға сақадай сай. Бүгін кезекті 34-сессияда сала өкілі халық қалаулыларына осылай деп есеп берді. Баяндаманы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жамбыл Жабаев жасады. Ол қаладағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, өңірде жауын-шашын кезінде су басу қаупінің алдын алу шаралары сөз болды.

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бөген су қоймасы мен Бадам су қоймасының толымдылығы 51 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда қауіп жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда толтырылу деңгейі төмен».

Қыс мезгіліне дайынбыз дегенімен, бір күндік жауған жаңбыр мен қардың өзі мамандардың дайындығын сынаған сәттер болғаны белгілі. Дегенмен, жауапты сала сенім артқан халықтың үмітін ақтайды деген сенім бар.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасының басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, қалада халық денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға 381 миллион теңге бөлініп, мамандар білімін жетілдірген. Бұдан бөлек, екі аурухана күрделі жөндеуден өтті. Жедел жәрдем көліктері жаңартылып, медициналық ұйымдардың техникалық жабдықталу деңгейі 79 пайыздан 88 пайызға дейін көтерілген.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

СҰРАҚ: БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
– Диагностикалық қызмет сапасы сын көтермейді. Биыл жаңа диагностика аппараттарын алу жоспарда бар ма?
– Иә, бар. Биыл үш МРТ аппараты сатып алынады. Қолданыстағы құрылғылар 2012 жылы алынған, қазір ескірген.
– Ана мен бала өлімі көрсеткіші қандай?
– Ана өлімі бойынша индикативтік жоспар 11,3 болуы керек еді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 7,6 болды. Республикалық көрсеткіш – 8,3. Яғни, бізде төмен. Нәресте өлімі көрсеткіші – 5,4. Бұл да республикалық деңгейден төмен.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының мүшесін лауазымға тағайындау мәселесі қаралды. Бұл қызметке Кенже Бахтыбайұлының кандидатурасы бірауыздан ұсынылды.

Сонымен қатар, мәслихат төрағасының есебі тұрақты комиссияда алдын ала тыңдалып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Осылайша, небәрі 30 минут ішінде сегізінші шақырылымдағы отыз төртінші сессияның күн тәртібі бекітілді.

Нұргүл Жолымбетова