Шымкент қашан пайда болған?

550

Шымқала туралы алғашқы жазба мәлімет Шарафаддин Йаздидің Ақсақ Темір жорықтары туралы жазған «Зафар-наме» (Жеңіс кітабы) деген еңбегінде кездеседі. Сол еңбекте Ақсақ Темір 1365-66 жылдары Моғолстанға бара жатқан жорығында алдында жүріп кеткен әскері мен жүк артылған көліктерін Сайрам маңындағы Шымқала деген қоныста кездестірді деп жазады.

V ғасырда үлкен қоныс болған
Міне, Шымкент туралы алғаш рет нақты көрсетілген тарихи жазба – осы дерек болып есептеледі. Десе де, бір зерттеушілер қытай жиһанкезі Сюань-Цзянның Испиджаб (Сайрам) туралы VІ ғасырда жазған жазбасында «Шымкент Испиджабтың іргесіндегі елдімекен ретінде көрсетілуі мүмкін» деп болжам жасайды. Қалай дегенде де Шымкент жайындағы ең көне нақты жазба жаңағы Шарафаддин Йаздидың дерегі болып табылады. Бірақ археологиялық қазбалар Шымкенттің Шарафаддин Йазди жазған уақыттан көп бұрын пайда болған қала екенін дәлелдеп жатыр. Мысалы, өткен ғасырдың басында қаланың бұрынғы қамалының орнынан табылған бір еркек пен бір әйелдің мәйіттері зороастралық дәстүрмен жерленгені анықталды. Осындай анықтамалардан кейін ғалымдар бұл мәйіттің иелері осыдан 1500 жыл бұрын жасаған адамдар екенін мойындаған. Демек, заманымыздың V ғасырында бұл жер адамдардың үлкен қауымы тұрған қоныс болған.
Солай десек те, басқа бір археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қолға түскен заттай айғақтар Шымкент аумағында адамдар V ғасырдан әлдеқайда бұрын тұрғанын әйгілейді. Бір кездері бұрынғы «Фосфор» зауыты маңайынан және қаладағы қазіргі «Май комбинаты» тұрған жерден табылған керамикалық бұйымдар заманымыздан 2 мың жыл бұрынғы, яғни Андронов мәдениеті кезеңінің заттары екені анықталған. Ал «Химфарм» зауытының жанынан табылған қола қанжар б. з. мың жыл бұрынғы Сақ дәуіріне жататыны дәлелденген.

Көп ғалымның сүйенетіні – бір кітап
1888 жылы Түркістан әуесқой археологтар үйірмесінің жетекшісі Николай Остроумов басқарған топ Бадам жағасындағы Албакент жотасына жүргізген қазба кезінде ҮІІІ-Х ғасырларға жататын балшықтан жасалған бұйымдарды тапты. 1890-1900 жылдар аралығында Остроумов басқарған және басқа да археологиялық топтар Шымкент аумағынан Х-ХІІ ғасырларға тиесілі бұлардан өзге де көптеген бұйымдар мен заттарды тапқан.
1965-70 жылдарға дейін қазіргі Әл-Фараби алаңының түстік жағынан ағып өтетін «Қошқарата» бойында көптеген көне молалардың орындары болатын. Бұл жердегі молалардың арасындағы ең көрнектісі Баба Дербіштікі еді. Өкінішке қарай осы жерге 1970 жылдары «Айгүл» дүкені мен оның маңындағы көп қабатты үйлер салынғанда осы молалардың барлығы, оның ішінде Баба Дербіштікі де бар, сырылып кетті. Міне, осы молаларды кейбір зерттеушілер біздің заманымыздың І-V ғасырына жататын мазарат санайтын. Ал аңыз бойынша, Баба Дербіш ХІІ ғасырда жасаған Ахмед Яссауидың замандасы екен. Осы аңыз бен Баба Дербіш моласын алға тартқан А. Добромыслов өзінің ХІХ ғасырдың аяғында шығарған «Сырдария облысының қалалары» атты кітабында «Шымкент ХІІ ғасырда пайда болған қала» деп жазады. Қазіргі ғалымдардың көпшілігі Добромысловтың осы пікірін қуаттап, «Шымкент ХІІ ғасырда пайда болған қала» деп топшылап жүр.

2000 жыл бұрынғы қалашық
Ал 2003 жылы «Шымкенттің орта ғасырлық кезеңін археологиялық қазбалар бойынша зерттеу» жобасымен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер бұл қаланың өте ескі шаһар екенін айқындап берді.
Қазба кезінде топырақтың үстіңгі қабатынан ҮІІІ ғасырға жататын бетінде «Әл-Махди» деп жазылған жазуы бар монета, ҮІІ-Х ғасырларға және Қараханидтер дәуіріне жататын керамикалық заттар қолға ілікті. Ал терең жерден заманымыздан бұрынғы ІІ ғасыр мен заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырларына тиесілі аса құнды жәдігерлер табылды. Ғылымда мұндай жәдігерлер көне Соғды жұртына тән екені белгілі еді. Осыған қарап, ғалымдар көне Шымкент тұрғындары Самарқан жұртымен тығыз байланыста болғанын нақтылады. Осыдан кейін археолог ғалымдар Шымкент қаласының жасы 2000 жылға тең және сонша жыл бұрын осы жерде әжептеуір көлемдегі қалашық болған деген тұжырымға келді. Осылайша, жоғарыда жазылған Андронов мәдениеті мен Сақтар дәуірі кезеңінің заттай айғақтары осы қазба кезінде табылған бұйымдармен сәйкес келіп, Шымкенттің (Шымқаланың) өте көне қоныс екені анықталды.

Шымкенттің жасын анықтаудың бір кілті
Меніңше, археологтар мен тарихшылар, сондай-ақ қаланы зерттеушілер бір факторды еш ескермейді. Ол фактор – біз баста айтқан бір кездері қолдан үйілген жасанды төбелер. Қала аумағынан табылған көне бұйым-заттар Сақ заманына және б. з. бұрынғы ІІІ-ІІ ғасырлар мен б. з. ІІ ғасырлары аралығына жататын болса, жаңағы төбелер де сол заманнан қалған құрылыстар ғой. Мәселен, «Фосфор» зауыты маңынан табылған бұйымдарды ғалымдар тура осы кезге жатқызса, дәл сонда сол заманда тұрғызылған төбе тұр. Әдетте, ғылымда мұндай төбелерді «Қорған төбелер» дейді. Зерттеушілер Қошқарата бойындағы ірілі-ұсақты төбелерді де «Қорған төбелер» деп атаған. Әлгі айтқан Баба Дербіш маңындағы ескі қорымдар Сақ дәуірінен қалған молалар. Сақтар әулеттік молаларды биік қылып үйген. Сол кезден бері қанша уақыт өтсе де, жаңағы молалардың жермен-жексен болмай, кішкене болса да сақталып келгені сондықтан. Бірақ мұндай қалың молаларды тайпа көсемі немесе бай адамдар отырған (кейін жерленген) анау биік төбелермен салыстыруға болмайды. Егер ғалымдар Шымкент аумағынан табылған көне бұйымдарды осынау төбелердің тарихымен қатарластыра зерттесе, тарихта әлі белгісіз боп келе жатқан талай сырлардың бетін ашқан болар еді. Тек бір әттең-айы, осындай жасанды төбелер құпиясына әзірге ешкім назар салар емес…
Қалай дегенмен де, тұрғызылған және пайда болған нақты уақыты белгісіз әлемдегі басқа қалалар сияқты Шымкенттің де тап қай кезде қала болып салынғаны беймәлім. Жаңа айтылғандай, оның пайда болуы жөніндегі әр дерек әр түрлі мерзімді көрсетеді. Солай болса да, сол әр түрлі деректердің өзінен Шымқаланың өте көне қала болғанын, қала болмаса да, көне қоныс екенін байқауға болады. Соған сайсақ, біздің қаламыздың аумағына адамдар осыдан ХХ-ХІІІ ғасыр бұрын қоныстанған болып шығады. Және бір анығы, Шымқала көне Ұлы Жібек Жолының бойындағы керуендер аялдайтын орын болғаны хақ. Өйткені Шымқала табиғаты мен өзен-сулары жағасындағы нудың саясы алысқа жол тартқан жолаушылар демалатын орынға әбден лайық мекен болған.

Патшалығы сан ауысқан шаһар
Ғасырлар безбенінде өлкемізде қандай тарихи уақиғалар өтпеген деңіз. Бір өкініштісі, олардың бәрі жазылып, тасқа басылып қалмаған. Соған байланысты біз орта ғасырларда Шымқалада һәм оның төңірегінде қандай саяси-қоғамдық өзгерістердің өткенін білмейміз. Бірақ та, бір кездері мұнда өз ата-бабаларымыздың өмір сүріп, тұрмыс-тіршілік кешкенін анық бағамдаймыз. Бұл жер сонау көне жұрттар – Сақ пен Қаңлы-Үйсін заманынан кейін әр кезеңде бірін-бірі алмастырған әр түрлі түркілік ұлыстар мен қағанаттардың иелігінде болды. Бір кезде бұл жерді атақты Ғұн жұртының бір сілемі Ақ Ғұндар, яғни эфталиттер жайлады. 552 жылы Түркі қағанаты құрылған кезде ежелгі Қаңлы-Үйсін жұртынан тараған тайпалар одағы болып табылатын «он оқ» рулары тұрды. Он оқ өзара «бес Дулу» (Дулат) және «Бес Нүшибе» болып бөлінді және бұлар Түркі қағанатының негізін құрады. 603-704 жылдар аралығында Батыс Түркі жұртының орталық мекені болды. Одан кейін Шымқала аймағын Түргеш (704-756 ж. ж.), Қарлұқ (756-940 ж. ж.), Қарахан (942-1210 ж. ж.) қағанаттары иеленді. Бұл қағанаттардың аттары өздерінің билік кезеңдеріне орай өзгеріп отырғанымен, құрамындағы ру-тайпалар одағы өзгерген жоқ.
1210 жылдан кейін Шымкент өңірі бір мезет Батыс Лияу патшалығы мен Хорезм билеушілерінің билігіне өтті. Ұзамай мұнда Шыңғыс ханның қаһарлы әскерлері жетті. Олар Бұқар мен Самарқан тарабына бара жатқанда тура Шымкент арқылы Бадам өзенін кешіп өтті. Қазіргі Ақжар ауылының маңындағы жазыққа аялдап, алдағы соғыс барысына талдау жасады және осында біраз күн қонақтады.

Шыңғысхан заманындағы Шымкент
Шыңғысхан Орта Азия мен қазіргі Қазақстанның жерін тұтас иемденгенде Шымкент маңайы Шыңғыс ханның екінші баласы Шағатайдың атымен аталған ұлыстың құрамына кірді. Сол кезде бұрынғы Жібек жолының күре тамыры атанған Ташкент пен Шымкент аралығындағы жол Шағатай ұлысын сонау алыстағы монғол астанасы Қарақорыммен байланыстырып тұратын маңызды қызмет атқарды. Жібек Жолы дәуірі кезіндегі Ташкент-Шымкент-Сайрам аралығындағы керуендер аялдап, демалатын бекеттер, яғни керуенсарайлар содан бастап Қарақорым мен Шағатай ұлысын жалғайтын екі еларалық байланыс қызметін атқарды. Сол кезде әр бекетте алысқа хабар апаратын жаушылар үшін арнайы аттар бағылып, қосалқы шабармандар тобы дайын отырды. Мысалы, Ташкенттен Қарақорымға шұғыл хабарды жеткізуге шыққан шабармандар қосарланған атпен бір тоқтамай қазіргі Дербісек ауылында болған бекетке дейін шауып келген. Бұларды ол жерде басқа шабармандар ауыстырып, олар Ортабекетке (қазіргі Қазығұрт кенті) дейін жүйіткіп келген. Ортабекетте ауыстырылған аттар мен шабармандар Шарапхана бекетіне бір-ақ келіп тоқтаған. Шарапханадан шауып шыққандар қазіргі Рабатқа (бұрынғы Фогелево) бір сағат уақытта жеткен. Рабаттан кейін шабармандар Шымкенттегі бекетке шауып келіп, ары қарай осындай бекеттер арқылы жолдарын жалғастырып кете берген. Көне дәуірдегі Жібек Жолы бойындағы керуендер аялдайтын, ал Шағатай заманынан бері шұғыл байланыс рөлін атқарған осынау бекеттердің мұндай қызметтері – кейінгі Ақсақ Темір мен оның ұрпақтары билігі кезінде де, Қазақ Хандығы тұсында да, қалмақ басқыншылығы уақытында да, Қоқан хандығының басқыншылық кезеңінде де, оңтүстік өңірі орыс отарына түскен мезетте де, тіпті, пойыз жол қатынасы мен телеграф желілері жетілген ХХ ғасырдың басына дейін жалғасты.

«Оңтүстік Рабат» газеті

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, шежіреші, тарихшы