Шымкентте 28 мың 687 абонент жылу таратушы мекемеге қарыз

246
Фото 24.kz

Шымкентте 28 мың 687 абонент жылу таратушы мекеме «Қуат жылу орталығы-3» кәсіпорнына 200 миллион теңгеден астам берешек. Жылу тарифіне келсек, қала халқы жылуға бір шаршы метріне 127 теңгеден төлейді, деп хабарлайды 24.kz.

Соңғы рет 2017 жылдың 1 қазанында 2,7 пайызға қымбаттаған. Айта кету керек, «Нұрлы жол» бағдарламасымен қазір қалада ескі құбырлар жаңасына ауыстырылып жатыр. «Қуат жылу орталығы-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылу беру маусымына дайындық 85 пайыз», – деп отыр.

Үшінші мегаполистегі жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 392,6 шақырымды құрайды. Жылумен жабдықтау жүйесіне 1 мың 811 көп қабатты тұрғын үй, 238 бюджеттік мекеме және 845 коммерциялық құрылым қосылған. Инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын 9 нысанның жылу желілерін жаңғырту жоспарланған. Оған бөлінген қаражат 104 миллион 610 мың теңгені құрайды. Құбырды жаңарту жылу жүйелеріндегі ысырапшылдықты азайтып, апаттарды азайтуға сеп. «Әрі жылумен қамту сапасын жақсартады», – дейді сала мамандары.

Пердебай Сәбитов, «Қуат жылу орталығы-3» МКК директоры: «Былтырғы жылы жаз айларында 70 шақырымдық құбыр ауысқан. 42 шақырымдық құбырларымыз оқшауланған. Биылғы жылға жоспарлап отырғанымыз – 50 шақырым. Оның 11 шақырымы инвест жобамен жасалып отыр. Ал қалған 39-40 шақырымы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп игеріліп жатыр».