Түркістанда балалар күнінде 500 оқушы бір мезетте күй тартты

1

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Түркістан қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шарасы өтті. Шара барысында 500 оқушы бір мезетте күй тартты.

Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды балалармен бірге көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады.

Балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағытында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қымбатты балалар! Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін, – деді облыс әкімі.

Құттық сөзінен соң аймақ басшысы халықаралық, республикалық байқаулардың, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттап, қаржылай сыйақы сертификатын тапсырды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен жиында тақырыптық көрме жасақталған. Мұнда оқушы домбырашылар күй тартып, кейін қолданбалы өнер бағытындағы шығармашылық жұмыстарының жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар «Шымкент-цирк» пен Қуыршақ театрының мерекелік қойылымы, «Кітаптар жазы» көрмесі және «Farab» кітапханасының балаларға арналған кітаптар көрмесі көрерменді тәнті етті.

Бұдан өзге «Drone challenge» және «Robo fest» көрмесі, колледж студенттерінің өз қолдарынан жасалған ұлттық киім үлгілерінен үздік «Дефиле» топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары арасында «Интеллектуалды ұлт» шахмат, дойбы ойындарынан көрсетілімдік сайыс өткізілді. «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысының оқушыларынан құралған үздік іс-қимылдар көрсетілді. Балалар үшін аквагрим ұйымдастырылды. Аудан, қалалардан келген үздік суретші балалардың «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы ұсынылды. Мерекелік іс-шара соңы концерттік бағдараламаға ұласты.

Ұлттық статистикалық бюро мәліметінше, Түркістан облысы еліміз бойынша балалар саны жағынан көш бастап тұр. Өңірде халық санының 43,3%-ын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Жалпы республика бойынша әрбір жетінші оқушы Түркістан облысында тұрады.