Шымкентте 129 адам өмірлік қиын жағдайға қалған орталықта өмір сүреді

20
фото Орда.кз

Шымкенттегі үй-күйсіз қалған жандарға арналған мекемеде 129 адам тұрып жатыр. Күн суыта олардың саны артады екен. Мұнда тұратын жандардың тұрмысына жергілікті бюджет есебінен 7 түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Орталық көмегіне көбіне қандай адамдар жүгінеді?

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыр жол апатына түскен Шарипа Мусаева сол күнді қиналып еске алады. Көлік қақтығысы салдарынан жан-жарынан айырылып, өзі мүгедек болып қалған. Қазір ол қаладағы өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр.

Балалары елордада қызмет етеді. Кейде солардың үйіне қыдырып барады екен. Оның үй кезегінде тұрғанына 5 жыл болған.

Шарипа Мусаева, Шымкент қаласының тұрғыны: ”Бұл орталыққа ауыр жол апатынан соң келдім. Маған медициналық, әлеуметтік көмек көрсетті. Жол апатынан көзім мен аяғым қатты зардап шекті. Қазір мүгедекпін. Ота жасалды. Екі ұл, бір қызым бар. Олар елордада тұрады. Өз отбасы бар”.

Бұл орталыққа жасы 18-ден асқандарды қабылдай береді. Қазір көбінесе 50 жастан асқан, денсаулығы нашар, баспанасы, құжаты жоқ азаматтар тұрып жатыр. Мекеме 160 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда қоныстанғандарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, экономикалық және құқықтық бағыт бойынша тегін көмек көрсетіледі.

Нұржан Төлегенов,Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» КММ басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары: «Қазіргі таңда біздің орталығымызда 129 адам бар. Ал қыс ауасында күн суытуына байланыста жан-жақтан келіп, саны ұлғаяды. 180-ге барады. Себебі барар жері болмайды. Көбісі жан-жаққа жұмысқа кетіп қалады. Ал қыс болған кезде бәрі жинақталып келе бастайды. Ал қосымша төсек -жабдық дайындаймыз, азық-түлік алып қоямыз. Барлығына дайындық жасап қоямыз алдын ала”.

Мекемеде 72 адам қызмет етеді. Олардың қатарында 6 әлеуметтік маман, 2 психолог, 2 дәрігер, аспазшылар мен санитарлық жұмысшылар бар. Орталыққа азаматтар жеке өтінішімен келе алады. Сонымен қатар, «Ұтқыр» әлеуметтік патруль қызметі қала аумағын аралап, қиындықта қалған жандарды осында жеткізеді