15-17 қазан күндері полицейлер «Anti-fraud» республикалық профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ол ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстың жолын кесу, ескерту және ашуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ІІД мәліметі бойынша, шара барысында 20 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып және ашылған.
«Іс-шара барысында полицейлер 25 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін қарағандылық келіншекті ұстаған. Әйел алаяқтықты интернетте жүзеге асырған. Негізінен ол Instagram әлеуметтік желісінде қымбат тондар мен әшекей бұйымдарын арзан бағада ұсынып келген. Ал клиенттерімен тек WhatsApp желісі арқылы ғана тілдескен, себебі дауысынан танып қоймасын деп сақтанған. Ол өзгелердің банктегі шоттарын қолданып келген, клиент ақшасын аударысымен номерді бұғаттап, акаунтты және ұялы телефон номерін де өшіріп тастап отырған. Негізінен ол клиенттерінен ақшаны Qiwi-әмиян арқылы алған. Осылайша ол қаламыздың сегіз тұрғынын сан соқтырып 1 млн теңге көлемінде қаржы алған. Қазіргі уақытта ұсталған азаматша қамауға алынып, ҚР ҚК 190-бабының 2 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде (алаяқтық)», делінген хабарламада.
Астана қаласы ІІД қызметкерлері интернет сатып алушыларға тауарды тек сенімді сатушылардан алуды және тауар қолыңызға тиген соң ғана төлем жасауға кеңес береді.