Жылу құбырлары 40 жылдан бері жөнделмеген…

381

Еңбекші ауданының тұрғындары «жылу маусымына дайындықты қатырып тастадық» деген жауаптыларды іздейді. 17 — шағынаудандағы №20 үй тұрғындары жылу алуға дайын емес екендерін жариялады. Айтуларынша, жертөледегі жылу жүйелерін жөндеп беруге міндеттілер ала жаздай төбе көрсетпеген. Шұғыл әрекетке көшпесе, қыста жаурайтындарын айтып отыр.

Күнде кешкісін жиналатын жұртшылық бұл жолы түсірілім тобын шақырды. Алғашқы кездесуде бес жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан «Теплокомсервис» серіктестігінің өкілдерімен мәмілеге келе алмаған.

Бұл жолы аудан әкімдігінің мамандарын шақырыпты. Мәселе біреу 40 жылдан бері жөндеу көрмеген жылу жүйесін жаңарту. Биыл жылу жүйесін жаңғырту бағдарламасына құжаттарын тапсырыпты, бірақ оған қашан қаражат бөлінетіні белгісіз күйі қалған.

Тұрғындар “біз биыл жылу ала алмаймыз, жертөледегі жүйені жөндеу осы мекеменің мойнында. Біз ай сайын қызмет үшін пәтеріміздің әр шаршы метріне 5 теңге 20 тиын төлеп отырмыз” дейді.

«Теплокомсервис» мекемесінің басшысы жүйені жаңартуға келісім беріп, 970 мың тенгеге қажетті құбырларды да жеткізіп қойған. Алайда оның шығынан тұрғындар төлемейміз дейді. “Біздің 5 жыл бойы төлеген қаражатымыздың есебінен жасалу керек дегенді алға тартты” деп отыр.

528 көпқабатты тұрғын үйді қазан айының бірінші жұлдызына дейін 100 пайыз дайындауға міндетті Еңбекші ауданы әкімшілігіндегілер әлі проблемалы 20 үй бар екенін мойындады. Және тез арада тұрғындар мен қызмет көрсетуші серіктестікті мәмілеге келтіреміз деп уәделерін берді.

Бұл басқосудан да нәтиже шықпады. Жертөледегі жүйені “Теплокомсервис” серіктестігі тегін жөндеп беруге міндетті деген тұрғындар, бір тиын да төлемейтіндерін ашық айтты. Ал 5 жыл бойы жүйенің ақауын қадағалап жүрген серіктестік өкілдері жаңғырту бағдарламасынсыз тірлік істей алмайтындарын мәлімдеді. Яғни, тартысқа тағы да нүкте қойылмады.

Нұрлан Күдерұлы