“Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылғанына – 40 жыл

1025

Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-мұражайы» 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сəулет ғимараты музейі» болып ашылған.

Қорық-музей өз жұмысын негізгі екі бағытта жүргізеді. Бірінші бағыты – Түркістан өңіріндегі тарихи-мəдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары. Яғни қорық ретінде қызметін жүзеге асырады: мемлекеттік акт алынған тарихи-мəдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі 557,1935 га.

Құрамында 207 тарихи-мəдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1–халықаралық, 16- республикалық, 14-жергілікті маңызға ие. Қалған ескерткіштердің статусы анықталу жұмыстары жүргізілуде.

Халықаралық дəрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сəулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкілəлемдік мұралар тізіміне алынды. Əлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орыны да айрықша. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қорық-мұражай мамандарының зерттеулері нəтижесінде сол тұлғалардың бүгінгі таңға 184-і анықталды

Екінші бағыты – қорық-мұражай ретінде, ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен көне, тарихи құнды жəдігерлерді сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру жəне оларды насихаттау жұмыстарын жүргізеді.

Қорық-мұражай аумағындағы жұмыс істейтін «Түркістан тарихы», «Қылует» жер асты музейі, «Жұма мешіті» жəне Ясауи кесенесі музейлерінің экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыптағы 50-ге жуық көрме ұйымдастырады. Республика бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің барлық облыстары жəне Оңтүстік өнірінің аудандары түгел қамтылып келеді. Қала мектептерімен де тығыз қарым-қатынастар орнатылып, тақырыптық лекциялар жүргізу мен мектептерде көрме ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылған.

Қорық- музей қорында 25000 дана құнды тарихи жəдігерлер қордаланған. Олардың арасындағы жазба, археологиялық этнография жəне нумизматикалық тобына жататын жəдігерлердің талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар сатып алынып орнатылды. Қор бөліміндегі еңбек ететін реставраторлар Ресейден арнайы біліктілікті жоғарылату курстарын оқып келген мамандар.

«Әзірет Сұлтан» қорық – музейінің баспасөз қызметі