Психологқа бару – ұят емес

1206

Әлі күнге психологқа жүгінуді әбестік санайтындар бар. Біреулері ұят көрсе, енді бірі «есінен алжасқандар қаралады» деп біледі. Десе де жұмыссыздық, қаржы тапшылығы, материалдық қиындықтар, басқа да әлеуметтік мәселелер, отбасындағы түсініспеушіліктер сынды сан сұрақтың шырмауынан психолог көмегімен сытылып шыққандарды да кездестіріп жүрміз.

«Психология тәнді де емдейді»
Әсемгүл – табысты кәсіпкер. Аяулы жар, төрт баланың анасы. Онымен сөйлскенде өзіңе сенімің күшейіп, бойыңда ерекше күш-қуат пайда болады. Адамдарды өзіне тез баурап алатын қасиеті де бар. Сәті түсіп, Әсемгүлден табысты болудың, бойындағы ерекше дарынның құпиясын сұрағанда ол «Психологияның көмегі» деп жауап берді.

Әсемгүл, кәсіпкер:
– Бизнесім табысты болуы үшін көшбасшылық қасиетімді көрсету керек болды. Бизнес адамдармен араласуға негізделген. Сондықтан жеке тұлғалық қасиеттерімді ашу, бойымда сенімділікті арттыру қажеті туындады да, психологқа жүгіндім. Шымкент қаласындағы мықты деген психологтарға бардым. Сөйлестім. Нәтижесінде, мақсатыма да қол жеткіздім, әрі денсаулығымды жақсарттым. Қалай дейсіз ғой?! Адамның тек жаны ғана емес, тәні де психологиямен тікелей байланысты екен. Бойымыздағы мінез-құлық, эмоциялық және психологиялық жай-күйіміздің кері әсерінен тәнімізде аурулар пайда болады. Мысалы, сіз бір кісіге қатты өкпелеп жүрсеңіз, өкпеңіз, үнемі жолыңыз болмаса бүйрегіңіз, жалғыздықтан қорықсаңыз жүрегіңіз ауыруы әбден мүмкін. Мұны біз тек тәніміздің ауруы деп қабылдап жатамыз. Мұны болдырмау үшін барынша тез арада аталған жағымсыз күйлерден арылу керек. Басқаға деген өкпе-ренішіңді, жеке басыңдағы мәселені көбіне туған-туысқандарыңа айта алмайсың. Айтсаң да әркімнің өз мәселесі жетіп артылады. Сондықтан мардымды жауап, бағыт алу қиын. Ең дұрысы психологқа бару. Қазір қатарластарымның көбі қыз ұзатып, келін түсіріп жатыр. Ақша, үй-жай деп күйзеліп жүргендері көп. Соларға да психологқа баруға кеңес етемін. Бірі барып, рақметін айтып жатады, ендібірі жан дүниесінің есігін бөтен адамға ашуды ұят көреді.

«Шымкенттіктер психологтан шошиды»
Мақаланы жазуға осы әңгіме арқау болды десек те болады. Әсемгүл арқылы Шымкенттегі мықты психологтың бірімен танысып, тілдестік.
Мәди Төлегенұлы – тәжірибелі психолог. Айтуынша бұл салада қызмет етіп жүргеніне 12 жылдан асыпты. Алматы қаласында бірнеше жыл тәжірибе жинаған. Астана халқымен де тығыз байланыста болыпты. Осы уақыт аралығында Шымкент жұртының психологтарға деген көзқарасы Астана мен Алматының тұрғындарынан басқаша екенін айтады.

Мәди Төлегенов, тәжірибелі психолог:
– Алматыда «Мен психологпын» десең, ортадағы адамдар саған тамсана қарап, қызығады. Кейін «Мен туралы айтып беріңізші»,-деп қызыға сұрайды. Ал Шымкентте бірден шошиды. Көзінен-ақ «Бұл менің жаман қасиеттерімді біліп отыр, мен туралы жаман пікірде отырған шығар» деп ойлағаны сезіліп тұрады. Біраз әңгімелескен соң «Мен туралы айтып беріңізші, ал», – деп, сыни тұрғыда, мысқылмен сұрайды. Осы мысалдан-ақ бірнеше ой түюге болады. Біріншіден, Алматыда психология бізге қарағанда бірнеше қадам алда. Психологқа баратын адамдар да көп, оларға деген көзқарас та оң. Ал Шымшаһарда әлі де болса психологты «маман» деп есептемейтіндер кездеседі. Сенбей қарайтындар да бар. Мұның себебі біздің өңір адамдарының қазақшылық, молдашылыққа жақындығынан деп есептеймін. Бұл бізде әлі де психологияның кенже қалып жатқанын білдіреді. Екіншіден, қараңызшы екеуі де өзі туралы айтып беруіңді сұрайды. Яғни, кез келген адам өзінің қандай адам, қандай тұлға екенін, қандай ерекшеліктер мен кемшіліктерге ие екенін толық білмейді. Ал психолог өзіңді зерттеп, артықшылықтарыңды еселеп, кемшіліктеріңді жоюға бағыт береді.

Өз еркімен келушілер көбейген
Десе де 5-6 жыл бұрынғымен салыстырғанда Шымкентте психологқа келушілердің қатары артыпты.
– Осыдан 5-6 жыл бұрын келушілердің 50 пайызы медициналық тұрғыдан келетін. Яғни, бір адамның басы ауырады, дәрігерге барады, қаралады, сараптама жасайды. Бірақ ешқандай сырқат байқалмайды да дәрігер «Демек, психологқа жүгінуіңіз керек» деген соң бізді іздейтін. Қалған 30 пайызы сол адамның ертіп әкелген адамдары еді. Тек 10 пайызы ғана өз еркімен келетін. Қазір көрсеткіш өзгерді. Клиенттеріміздің 70 пайызы өз бетімен келеді, – деді Мәди Төлегенов.

Бүгінгі түйткіл – ене мен келін арасындағы түсініспеушілік
Мәди Төлегеновтың сөзінше, келушілердің мәселелелері әр түрлі. Бірақ көбі – тұрмыстық проблемасымен келеді екен.
– Бізге келетіндердің жасына қарай мәселесі де әр түрлі. Мысалы 25 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтар өз бетімен келеді. Олар тұлға ретінде есейген, көзқарасы қалыптасқан, тек өзімді тағы да тани түссем, өмірлік мақсатымды айқындасам деген оймен көмек сұрайды. Ал 40 жастан асқандардың көбі жан дүниесін түсінгісі келеді. Сол кезде оларда жалғыздықтан, айырылып қалудан, белгісіздіктен қорқу басым. Қорқынышқа бой алдырып, өзінен шыға алмай қалады. Айналаға деген реніші көп. Осындай ойлардан арылу үшін жүгінеді. Ал жасөспірімдер мен жастарды көбіне ата-анасы ертіп келеді. Олардың көбі ойын-сауыққа кіріп кеткен, телефонның шырмауынан шыға алмай, айналаға қызығушылығын жоғалтып алған. Психологиялық ауытқулары бар, бірақ мұны мойындамайды. Айта кетейін, ертіп келген адамдармен жұмыс істеу өте қиын. Өйткені, одан адамда қарсылық туады. Маман кеңесін тыңдағысы да келмейді. Психологтың клиентпен жұмысының нәтижесі бірігіп әрекет жасағанда ғана көрінеді. Сондықтан да, клиентке қойылатын басты шарт – көмекті өзі сұрауы керек. Бұдан басқа ене мен келіннің қарым-қатынасы, ажырасу, ерлі-зайыптылар арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік сынды мәселелер де күн тәртібінен түскен емес,-дейді Мәди Төлегенов.

Туған-туысқа сыр айту дұрыс па?
«Психологқа бару ұят» деп есептейтіндерге тәжірибелі маманның айтары бар.
– Мойындау керек, әлі де психологқа баруды ұят санайтындар кездеседі. Әсіресе, ауылды жерде. Бір ғана мысал, осыдан 2 жыл алдын бір жоба аясында Түркістан облысының кейбір аудан-ауылдарында болдым. Қала мен ауыл балаларының айырмашылығы үлкен. Қала баласына психолог кім екенін, оның жұмысы жайлы түсіндіруге уақыт кетпейді және оларда өзіндік «мені» қалыптасып үлгерген. Ал ауыл балаларына соның барлығын басынан үйретуге көп уақыт кетеді. Бір өкініштісі, сонша жұмыс істеп, баланың өзін тану қабілеті жоғарылаған кезде, бұл ата-аналарына жақпайды. Маған келіп «Балам өзгеріп кетті, ешқандай психологтың керегі жоқ, психологсыз да күн көріп жүрміз» дегендер болды. Ата-ана баласымен өзі сөйлеспейді, біреуге сөйлесуге мұрша бермейді. Баламен болған кез келген келеңсіз оқиғаға мектеп пен қоршаған ортаның әсері бар, бірақ түптеп келгенде ол отбасыға байланысты екенін түсінбейді. Бұл бір. Екіншіден, «психологқа бару ұят» деген ойдың қалыптасуында менталитетіміздің де әсері бар. Мәселен, отбасылық немесе ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелерде көбіне-көп «Бас жарылса бөрік ішінде» дегенді ұстанады. Қандай да бір жағдай болса, оны сыртқа шығармай, жеңгелеріне, әпкелеріне, жақын-құрбыларына құпия түрде айтады. Яғни, қазақ отбасыларының көбісінде үйінде немесе айналасында жылап баратын «дайын психологы» бар. Жаныңа жақын адамға шеріңді ақтарғанның еш жамандығы жоқ, тек бұл уақытша көмек. Танысыңыз сізді тыңдайды, кеңесін береді, бірақ өміріңізде ештеңе өзгермейді, сол қалпында қалады.

«Психолог – мәселені шешпейді, кеңес те бермейді»
Психологияның тәжірибелік психология бағыты бойынша жұмыс істеп келе жатқан Мәди Төлегенов бұл саланың 100-ден аса бағыты бар екенін, сондай-ақ адаммен жұмыс істеудің де тәсілдері көптігін айтты. Десе де, ең бастысы, әрі қажеті – әңгімелесу, -дейді.
Көп адамдар «Психолог менің мәселемді шешіп береді» деп дұрыс түсінбей жатады. Шындығында, психологтар мәселені шешпейді, шешу жолдарын көрсетеді. Кеңес те бермейді. Ол келушінің өмірде не қалайтындығын бейсаналық деңгейден саналы деңгейге шығаруға мүмкіндік жасайды. Яғни, әңгімелесу арқылы клиенттің өмірін көз алдына келтіреді. Сол кезде адамның ішкі дүниесі (бейсаналы деңгей) қандай шешім қабылдау керегі туралы өзі таңдау жасайды. Мысалы, бір клиент ажырасқысы келетінін, бірақ әлі ойланып жүргенін маған айтып келді делік. Біз алдымен, әңгімелесу арқылы клиенттің өмірін, мінезін зерттейміз де, екі шешімнің де оң және теріс жақтарын мысал келтіру арқылы айтамыз. «Не итермелеп жатыр, не ұстап тұр» дегенді көз алдына алып келген кезде, ол өзі шешім шығарады.

Психологтың бір сеансы қанша?
Мәди Төлегеновтың психологиялық курсының толық аяқталуы үшін клиентпен кем дегенде 5-10 рет кездесу керектігін айтады. Ал «сеанстың құны психологтың тәжірибесіне, біліктілігіне байланысты» деп қалды.
Шымкентте бүгінде тәжірибелі мамандар көп емес. Өзім жақсы танитын 15-тен аса психолог әрдайым өзара бас қосып, тәжірибе алмасып отырамыз. Бәсеке де бар. Бірақ, айтып отырғандарымның барлығы жеке психологтар. Нағыз мықты психолог болу үшін салым, яғни инвестицияңыз да жақсы болу керек. Өйткені білікті мамандардың тренингіне қатысу, біліктілікті арттыру қажет. Бұл өте қымбат. Университеттерде тек теорияны оқытатынын тағы ескеру керек. Психологияны толығымен зерттеу мүмкін емес. Күн сайын біліміңді арттырып отыруды қажет етеді. Ал мемлекет тарапынан біздерге ешқандай қолдау жоқ. Мемлекеттің психологтар жайлы көзқарасын өзгертсе, жақсы болар еді. Өйткені, қарапайым халық былай тұрсын, үкіметте отырғандардың өзі психологтарды «ештеңеге жарамсыз, жай жүргендер» деп санайды. Неге? Өйткені, сол үкімет, әкімшілікте отырғандар психологияның не екенін түсінбейді де. Мектеп психологтарын алмағанда, барлық мемлекеттік мекемеде отыратын психологтардың жалақысы 60 мың теңгеден аспайды. Артық жүктемелері тағы бар. Ол адамда өсу қайдан болсын, сол ақшаны қосымша білімге жұмсай ма, отбасына, бала-шағасына жұмсай ма? Ал мектепте немесе кез келген мекемеде біреу суицид жасаса, басшылық жауаптыларды іздейді де, кәніні өзінен емес, психологтан көреді. Шымкент болсын, жалпы елімізде қазақтар көп, ал тренингтерде де, клиенттер арасында да орыс ұлтының адамдары басым. Олар бұл бағытта өздеріне жақсы көңіл бөледі. Сондықтан болар, мықты психологтарға арналған курстар, тренингтер, кітаптар – барлығы орыс тілінде. Соңғы уақытта көріп жүрген қазақша жазылған психологиялық кітаптарға еш көңіл толмайды. Өйткені оны оқу орындарында отыратын ғалым-академиктері жазып шыққан. Ал олар теоретиктер, тәжірибе жүзінде клиенттермен жұмыс істемеген.

«Бір сөз адам өмірін құртуы мүмкін»
Мәди Төлегенов әуелі психолог болуды ойламаған да армандамаған да екен. Бұл кәсіпке де өмір тәжірибесін көре жүріп, келген.
Алғашқы мамандығым заңгер. Психолог боламын деп ойлаған емеспін. Тек 27 жасымда психологқа барған соң осы салаға қызығушылығым оянды. Оқыдым. Диплом алдым. 12 жылдан бері түрлі тағдыр, түрлі адамдарды көріп жатырмын. Бұл саланы тастап кеткім келетен кездер де болды. Тәжірибелік психолог болу үшін оқығаныңды өзің арқылы өткізесің. Оқи отырып, көз алдыңа өз өмірің келеді. Електен ұнды елегенде ішінде қоқымы қалады ғой, міне өміріңдегі кемшіліктерді көргенде сондай сезім кешесің. Сондай-ақ әрбір келген клиенттің өміріне жауаптысың. Оның мәселесін шешуіне себің тимейінше қалың ойда жүресің. Психологтың жұмысы сапердың жұмысы сияқты. Бір артық қимыл жасасаң, бомба жарылып кетеді емес пе?! Сол сияқты клиентке бір қате ой салсаң, оның өміріне кері әсер етуі мүмкін. Әріптестерімде сондай жағдай болды да. Әріптесім бір клиентіне оның басынан кешіп жатқан оқиғаның барлығына анасы кінәлі екенін бірден түсіндіргенде бұл клиентке психологиялық тұрғыда ауыр тиіп, анасын пышақтап қойған. Басқа да оқиғалар көп.

Шымкентте жақында ғана жеке орталығын ашқан Мәди Төлегенұлы болашақта тәжірибелік психологияның бір бағытын толық зерттеп, қазақ тілінде дамытуды мақсат етеді. Оның сөзінше Еуропа, АҚШ-та әр азаматтың жеке шаштаразы, жеке гинекологы сияқты жеке психологтары да бар екен.
Жүйкесінде сәл өзгеріс бола қалса, мамандарға жүгінеді. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, психолог өз қайғыңызбен жалғыз қалмауға шақырады.
– Бұдан шығудың жолы – кәсіби маманның қызметіне жүгіну екенін ұмытпаңыз,-дейді Мәди Төлегенұлы.

Әлия ӘДІЛБЕК

№44, 31 ҚАЗАН 2018 ж