Шымкентте академик Сүлейменовтің құрметіне ескерткіш ашылды

837

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 75 жылдығына арналған мерекелік шаралар бүгін де жалғасын тапты. Білім ордасы ғимаратының алдында академик Сұлтан Сүлейменовтың ескерткіші ашылды.

Академик Сұлтан Тәшірбайұлының өмірлік жолы шәкірттері үшін үлгі өнеге болды. «Қара шаңырақта» кезінде білім алған студенттердің басымы еліміздің атақты ғалымдары, өндіріс майталмандары дәрежесіне жетті.

Ұлағатты ұстаз, ғалым Сұлтан Тәшірбайұлына арналған ескерткіштің Қазақстанның іргелі білім ордасы алдында тұруы — заңды. Ол қандай құрметке болса да лайықты тұлға. Ғалымның 90 жылдығына орайластырылған  салтанатты   шараға  академиктің туыстары, шәкірттері, еліміздің ЖОО басшылары,  ғалымдар арнайы келіп қатысты.

Ақшолпан Сұлтанқызы

Ақшолпан Сұлтанқызы:»Өте қуаныштымын. 22 жылдан кейін осындай керемет тарту болды. Әкемнің шәкірттері оны биікке көтерді. Серікжан Сейітжановқа алғысым шексіз!  Әкеме көрсетілген құрмет үшін барлықтарыңызға рахмет».

 

Уәлихан Бишімбаев, профессор, М.Әуезов атындағы ОҚМУ 2001-2012 жж. ректоры:

Уәлихан Бишімбаев

«Профессор оқытушыларды, студент-жастарды  мерекемен құттықтаймын. Көп жылдары  Қазақ химия-технологиялық институтын басқарған Сұлтан Тәшірбайұлының еңбегі де орасан. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың белестері алда. Әрқашан биіктерден көріне берсін. Қос мереке құтты болсын».

Қызылорда облысының тумасы Сұлтан Сүлейменов Шымкент құрылыс материалдары технологиялық институтына соғыстан кейінгі жылдары 1947-де түскен. Одан кейін, аспирантурада техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғаған Сұлтан Тәшірбайұлы Казақ-химия технология институтында 1956 жылдан алдымен аға оқытушы, кейіннен силикаттардың жалпы технологиясы кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы болып қызмет етті. Ал 1959 жылдың шілдесінен 15 жыл бойы осы институтты басқарды, ректоры болды. Жасы небәрі 31-де еді. Дегенмен, талабы асқақ еді, деп еске алды замандастары.

Әбдуәли Баешов

Әбдуәли Баешов, профессор, техника ғылымдарының докторы:» Алмытадан арнайы келдім. КазХТИ -дің 1960 жылғы түлегімін. Бүгінде докторлықты қорғап, профессор  дәрежесіне жетіп, жастарға тәрбие берудеміз.Бүгін курстас  жолдастарымды көріп бір марқайып қалдым».

Сұлтан Сүлейменов басқарған кезеңде институт карыштап дамыды, оның материалдық-техникалық базасы барынша нығайды, бас оқу ғимараты тұрғызылып, екі лабораториялық корпус бой көтерген. Кафедрларадың саны 30-ға жетіп, ең алғашқы докторлық диссертациялар қорғалды.

Оқу орнында Бүкілодақтық ғылыми кеңестер мен семинарлар өткізіле бастады. Сол жылдары институт техникалық мамандар мен ғалымдарды даярлайтын шеберханаға айналды. Нәтижесінде, еліміздің инженерлік-технологиялық салаларына қажетті білікті мамандар шықты. Бүгінде аға буын қатарынан көрініп жүрген олардың өзі жүздеген жастарды ғылымға бейімді етіп тәрбиелеп шығарды.

Атақты ғалымның 90 жылдығына арналған «Төртінші өндірістік революция аясындағы Өндірістік технологиялар және инжиниринг» тақырыбындағы V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында олардың бірқатары баяндамалар жасап, өз саласындағы өзекті тұстарын ортаға салды. 75 жылдық тарихы бар «қара шаңырақтың» беделі Сұлтан ағаның ізбасарлары арқасында асқақтай бермек.

Шынар Оразова