Үшінші мегаполисте құрылыс қарқын алды

596

Шымкент шаһарында мегаполис болғалы баспана құрылысы қарқын алған. Өткен жылы 10 мыңға жуық пәтердің құрылысы жүргізіліпті. Жаңа жыл қарсаңында Шымкентте «7-20-25» бағдарламасымен жаңа тұрғын үйлер ел игілігіне берілді.

Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарламаның аясында үйлі болғандардың қатары көп.

Жанат Мейірқұлова қаладағы ерекше балаларға арналған мектептердің бірінде дефектолог болып жұмыс істейді. Пәтер кезегінде тұрғалы бірнеше жылдар болыпты. 4 баласының алды студент, өзгелері мектепте оқиды. Пәтер жалдап күнелткен Жанатқа ата-анасы жаңа жылдық сый ретінде су жаңа баспана тарту етіпті.

Жанат Мейірқұлова, қала тұрғыны: «Алла бұйыртып баспаналы болып отырмыз. Іші керемет екен. Жақсы екен, ұнады бізге баспанамыз. Үй-жайлы болсам деп армандаған азаматтардың барлығына шын жүректен тілеймін пәтерлі болсын. Жұғысты болсын».

Мұндағы жаңа үйлерді мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында мердігер мекеме өз қаражаты есебінен салыпты. Тұрғын үй кешенінде жеті қабатты 56 пəтерлі 14 тұрғын үй бой көтерген.

Әбжат Әкімов, серіктестік басшысының орынбасары: «Қолжетімді бағдарлама тұрғын үй «7-20-25» бойынша халық келіп осы үйлерден бірінен кейін бірі алып жатқан жағдайы бар. Келесі үшінші кезеңімізде алты үйіміз бар. Ол 2019 жылдың наурыз айында жоспарланып отыр. Осы мөлтек ауданнан тағы 9 қабатты 3 үй саламыз деп жоспарлап отырмыз».

Айта кетейік, жыл соңына дейін 188 мың шаршы метрді құрайтын 40 көп қабаттытұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет есебінен жалпы 68 үйдің құрылысы жүріп жатса, оның 13-і жыл соңына дейін тапсырылған.

Мақпал Рысбаева