«Мәдина Ералиеваның ізбасары…»

969

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Әсима Тілектес:

— Байқоңырдан көшіп келгеніңізге аз ғана уақыт болыпты. Неге таңдау Шымкентке түсті?

— Байқоңыр қаласынан Шымқалаға қоныс аударғанымызға екі жылға жуықтады. Үлкен өлке, салт — дәстүрді берік сақтаған, үлкен кішіге ілтифатты халқы қандай қонақжай. Ауа — райы да керемет, қысы жайлы. Негізінде балаларымыздың болашағы үшін, балаларым студент болғанда үйден кіріп шықсын деген мақсат болды.
— Қандай бағытта ән айтасыз?
— Әндерім қазақы нақыштағы халық әндері. Бүгінде төрге озған эстраданың көлеңкесінде қалып бара жатқан дәстүрлі әндерді дәріптеу. Авторлық әндер жазуды да қолға алып жатырмын. Алда бейнебаня түсіру жоспары бар. Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда ән салып, нан тауып жүргеннен кейін шалқар елінің тумалары Құрал Молжанов мен Қайнар Алагөзовтың «Шәмшіге арнау» атты әнін үлкен сахнаға алып шықтым. Көктемде бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз.
— Байқоңырда тұрғанда өнер саласында қызмет еттіңіз бе?
— Негізгі мамандығым бастауыш сынып мұғалімі. Ол жақта мектепте жұмыс істедім. Қала көлемінде сахнаға шығып жүрдім. Осы жаққа қоныс аударғанда әніммен қабылдады. Бүгінде музыкалық білімімді жетілдіріп, оқып жатырмын.
— Әншілер өнердің ортасына қарай жылжиды. Сіз неге Астана не болмаса Алматыны таңдамадыңыз? Алдағы уақытта ұсыныс түсіп жатса қабыл аласыз ба?
— Шымкент те керемет қала. Үшінші мегаполис, миллионер қала. Осы жерге келіп, өсіп, өркендегеннен кейін кетемін дегенім дұрыс болмас, әрине. Әзірге ондай мақсатым жоқ.
— Көрермендер керемет әндеріңізді қайдан тыңдай алады?
— Бейнебаянды түсіріп болған соң, «Той думан» одан басқа да күнгейлік арналардан көрсетеміз деген ойдамыз. Өмірден ерте өткен, Сыр өңірінің тумасы Мәдина Ералиева апамыздың әндері насихатталмай қалды. Мені Сырдың қызы болғаннан кейін, дауыс тембірім сол кісіге ұқсағаннан кейін оңтүстікте мені Әсима деп емес, Мадина деп қабылдады. Сол үшін «Мадина салған әндер-ай» деген атпен шығармашылық концерт өткізгелі жатырмыз. Жанды дауыста. Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста өтетін болады. Оған Сыр өңірінен, Алматыдан қонақтар келіп қатысады.
— Өзіңіз пір тұтатын, үлгі тұтатын әншілер бар ма?
— Оңтүстіктің керемет әншісі Наркенже, ол кісінің дауысын естігенде ауырып отырған адам дертінен айығатындай дауыс бар ол кісіде. Даусы керемет рухтандырады. Сол кісінің әнінен ләззат аламын.