Мұғалімдердің қай жастан зейнеткерлікке шығатындығы анықталды

616
фото inform.kz

Мұғалімдердің қай жастан зейнеткерлікке шығатындығы анықталды. Бұл туралы бүгін елордадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, заң жобасы 6 бөлім мен 21 баптан тұрады. «Заң жобасында материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оқыту құралдарымен жабдықтау жөнінде норма жазылған. яғни, мұғалім,тәрбиеші мектепке сабақ беруге қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражаты есебінен сатып алмайтын болады. 8 бапта ҚР Заңнамасында көрсетілген жағдайлардан басқа кезде педагогтарды өздерінің кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмыстарға тартуға болмайтындығы жазылған.  Заңнамамызда қарастырылмаған есеп үлгілері мен кез келген ақпаратты ұсынуын талап етуге де, заңда көзделмеген тексерулерді жүргізуге болмайды. Айта кетерлігі, аталған тармақты талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке түрткі болады. Бұл ұсыныстар педагогтарымыздан түсіп отыр», – деді ол.

Оның дерегінше, заң жобасында педагогтардың кәсіби қызметтегі академиялық еркіндігі мен құқықтары да жазылған.

«Тағы бір қызық норма жас педагог жігіттерге қатысты – әскери қызметті өтеуге шақырылуын кейінге қалдыру»,- деді ол. Сонымен қатар Сәуле Қабимолдаеваның айтуынша, ұстаздарға ғылыми қызметпен айналысуға шығармашылық демалыс беріледі. Мұндай демалыс уақытында мұғалімнің педагогикалық еңбек өтілі мен жалақысы сақталады және ол 5 жылда бір рет кемінде алты айға беріледі. Мұнан бөлек, жергілікті атқарушы органдар педагог жалақысын өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес деңгейде бекітуге,  түрлі үстемақылар төлуге, «Үздік педагог» атағына ие ұстаздарға 300 АЕК-тен кем емес көлемде сыйақы беруге құқылы. Сонымен қатар  педагогтарға бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несиемен баспана алу құқығына әлеуметтік кепіл беріледі.

«30 жылдық жұмыс өтілі болған жағдайда бекітілген зейнет жасына жеткен педагог зейнеткерлерікке шығады. Бұл ұсыныс та еліміздің барлық өңірлерінен дерлік келіп түсті», – деді ол.

\