Úı ANONS «1,2 млн. теңге жалақы»: Мектептерде мыңнан аса жұмыс орны бос тұр

«1,2 млн. теңге жалақы»: Мектептерде мыңнан аса жұмыс орны бос тұр

Шымкенттегі мектептерден ши шықты. Бұл жолы мектеп әкімшілігі бос жұмыс орындарын жасырғаны белгілі болды. Олқылықтың орнын толтыру үшін қазірдің өзінде 1600-ден аса маман қажет екен.

Дәл қазір Шымкентте білім саласында 2063 жұмыс орны бос тұр. Оның 1 165-і мектептерге тиесілі. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, педагогтың апталық жүктемесі – 16 сағат. Еңбек кодексі бір жарымдық жүктемемен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Яғни, мұғалімнің апталық жүктемесі 24 сағаттан аспауы керек.

 

Дегенмен қаладағы білім ордаларының бірқатары заң талаптарын белден басқаны анықталған. Тіпті бір мұғалімнің 78 сағат жүктемесімен жұмыс істегені белгілі болыпты. Арасында 1 миллион 200 мың теңге жалақы алғандары да бар. 70-80 жастағы мұғалімге 48 сағат жүктемесі берілген.

 

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қандай мектепте заң бұзушылықтар болды? … Анықтадық…»

Әкімдік бұл ақшаның бәрін бюджетке қайтару туралы құзырлы органдарға хат жолдаған. Жұмыс орындарын мектеп әкімшілігі қалай, қай жолмен жауып, жасырған? Ресми өкілдің сөзінше, мысалы, бір мектепте директордың екі орынбасарының қызметін бір адам атқарып келген. Бір адам екі қызметті қалай атқарған? Оған кім жол берген? Сәрсен Құранбектің пікірінше, мәселе маман тапшылығында емес. Мекемелердің жұмыс орнын жасырып қалуында дейді ол.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Математикадан 104 мұғалім жетіспейді…. келіп отырмыз».

Ресми өкіл, енді мұндайға жол берілмейді деп отыр. Бос тұрған орындарға мамандар қабылданады. Ол үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Онда жұмыс іздеп жүргендерге қажетті ақпарат пен кеңес беріледі.

Конкурс нәтижесі 2 аптада шығады. Өкініштісі, бұл шикілік анықталғанға дейін қаладағы бірде бір мектептен мұғалім, не өзге маман жетіспеушілігі жөнінде басқармаға хабар берілмеген.

Дилара Иса