Úı ANONS Зейнеткерлер жаңа конституция жобасын талқылады

Зейнеткерлер жаңа конституция жобасын талқылады

Шымкентте Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осындай кездесулердің бірі Белсенді ұзақ өмір орталығында ұйымдастырылды. Жиынға орталықтың зейнеткер тұрғындары, қоғам белсенділері мен сала мамандары қатысты.

Кездесу барысында мамандар жаңа заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, енгізілетін өзгерістердің мазмұнын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, жаңашылдықтардың ел дамуына, қоғам тұрақтылығына және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктеріне тигізетін ықпалы туралы кеңінен айтылды.

Жиын барысында зейнеткерлер де белсенділік танытып, өз ой-пікірлерін ашық білдірді. Олар ұсыныстарын айтып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Мамандар әрбір сұраққа жауап беріп, тұрғындармен еркін форматта пікір алмасты.

ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: “Біздің конституциямыз 95 жылы құрылған болса, 30 жылдан астам уақыт өтті. Одан кейін заман ауысты дегендей. Ол кезде жасалған дүниелер өзекті емес. Соған байланысты заманға сәйкестендіріп, бұның ішінде жастарға да сонымен қоса жаңа туылған нәрестелерге де, қарттарға да, кез-келген буын өкілдеріне, жалпы адамзатқа тиімді де пайдалы бағыттарда өзгертілді”

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізу жөніндегі жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкес, 15 наурыз күні ел азаматтары дауыс беру арқылы Конституцияға ұсынылған өзгерістерді қолдау немесе қолдамау жөнінде өз таңдауларын жасап, маңызды шешім қабылдайды.

ЛАУРА БАБАС