Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов «Мақтаарал» футбол клубының басшылығын қабылдады. Клубтың директоры Мейіржан Есенғараев командаға жаңадан бас бапкер болып тағайындалған Данияр Мұқановты таныстырды.
Д.Мұқанов 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында дүниеге келген. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Семейдің «Спартак» футбол клубында ойыншы болып бастаған. Әр жылдары «Қайнар», «Восток», «Тобыл», «Атырау», «Ақтөбе», «Жетісу» футбол клубтарында ойын көрсетіп, үздік қорғаушы атанған.
2017 жылы «Мақтаарал» футбол клубында бас бапкердің ассистенті болып жұмыс жасайды. Дәл осы жылдың тамыз айында «Ертіс» клубында осы қызметті атқарады. Осылайша «Мақтаарал» футбол клубына бас бапкер болып қайта оралып отыр.
Жиын барысында аудан басшысы Б.Асанов жаңа бас бапкерге сәттілік тілеп, мақталы өлкенің командасын жоғары жетістіктерге жетелейтініне сенім білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта клубтың стадионы орналасқан Атакент кентінде футбол индустриясын дамыту үшін көптеген жобалар жасалып жатқандығын айтты.
Айта кетейік, Мұқанов Данияр Жексенұлының жетістіктері шаш етектен. Атап айтқанда, Қазақстанның чемпионы (1995, 2010), Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері (2003, 2005, 2007, 2018), Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (2002, 2004, 2006), Интертот кубогының жеңімпазы (2007), Қазақстан кубогының жеңімпазы (1995, 2007), Қазақстан кубогының финалисі (2003), Қазақстан супер кубогының жеңімпазы (1995), Қазақстан супер кубогының финалисі (2008) атанған.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі