ҚР Үкіметінің жаңа құрамы бекітілді

320
фото inform.kz

ҚазАқпарат — Бүгін Президент Жарлығымен жаңа министрлер кабинеті жасақталды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бүгін болған маңызды тағайындауларға шолу ұсынады.

Ең алдымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі лауазымына Әлихан Смаилов тағайындалды.

Сонымен бірге, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін басқарған Жеңіс Қасымбек Премьер-Министрдің орынбасары болды.
Елбасы Жарлығымен Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды.

ҚР Сыртқы істер министрі лауазымында Бейбіт Атамқұлов қызмет етеді.

Тағайындалғанына көп уақыт өте қоймаған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та өз қызметінде қалды.

Нұрлан Ермекбаев ҚР Қорғаныс министрі лауазымында өз қызметін жалғастырады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі қызметін атқарған Роман Скляр Президент Жарлығымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымына тағайындалды.

Ақтөбе облысының әкімі болған Бердібек Сапарбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болған Асқар Жұмағалиев жаңадан құрылған ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшысы болып тағайындалды.

Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа министр келді. Бұл лауазымға Сапархан Омаров тағайындалды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігіне Руслан Дәленов тағайындалды.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі болған Дәурен Абаев қайта құрылған Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.

Мәдениет және спорт министрі лауазымында Арыстанбек Мұхамедиұлы өзгеріссіз қалды.
Энергетика министрлігін де Қанат Бозымбаев басқаратын болады.

Денсаулық сақтау министрі қызметінде Елжан Биртанов қалады.

ҚР Әділет министрі болған Марат Бекетаев та өз қызметінде қалды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ерболат Досаевты Ұлттық банк төрағасы лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.