Ақ халаттылардың жалақысы да, жауапкершілігі де артады

320

Дәрігерлерге енді жалақы қызмет сапасына қарай төленеді. Осыған дейін бірегей еңбекақы алып жүрген ақ халаттылар қосымша үстемақы алу үшін біраз тер төккелі тұр. Медицина саласындағы осындай жаңалықтар бүгін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен өткен брифингте айтылды.

Бұдан былай басқарма емxаналардың жалақы саясатына араласа алмайды. Оны пациенттердің саны, қызмет сапасы және тағы басқа нарықтық факторлар анықтайды. Соған қарай бас дәрігерлер әрбір маманның жалақысын тағайындайды. Ақ халаттылар жалақысы биылдан бастап бірден 20 пайызға артады. Алайда, бұл өзгеріс мамандарға үлкен жауапкершілік жүктегелі тұр.

Ғалымжан Әбішев, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Нәтижеге қол жеткізгенде ғана үстемақы төленеді. Өзінің критериийлері бар. Қазір осыған байланысты оқытулар ұйымдастырып жатырмыз».

Үкіметтің жалақы мәселесін қайта қарауы тегін емес. Себебі, дәрігер жалақысының мардымсыз болғандығынан салада кадр тапшылығы орын алған. Сала мамандарының айтуына қарағанда бүгіннің өзінде қалаға қырық шақты дәрігер жетіспейді екен. Фтизиолог, психолог, психотерапевт, педиатр мамандары қазір ауадай қажет дейді жауаптылар.

Ғалымжан Әбішев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қазір «7-20-25″ бағдарламасы бойынша тапшы мамандарды баспанамен қамту бойынша ұсыныстарымызды әкімдікке жеткіздік».

Брифингте жекеменшік медициналық орталықтардың антисаниятариялық жағдайы да назардан тыс қалмады. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына шекеден қарап сан соғып қалғандар ақырында арыз шағымдарын арқалап БАҚ өкілдерін жағалайды екен.

Ғалымжан Әбішев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Мемлекеттік сатып алуларға қатысқан орталықтардың жұмысын тікелей қадағалауға бізде құзырет жоқ. Антисанитарияға қатысты шағымдар болып жатса, қоғамдық бақылау департаментіне арыздануына болады».

Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері журналистерге учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайтуда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстары мен қатерлі ауруларды алдын алу үшін жасалатын скрининг тексерулер барысын да жеткізді. Саладағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тұсау салу үшін жасалған цифрлық саясат та назардан тыс қалмады.

Мақпал Рысбаева