Бәйдібектік дәрігерлер қан тапсыруды әдетке айналдырған. Жыл сайынғы үрдіс бойынша игі іске қатысқан 93 медицина қызметкерінің 27 -сі тұрақты донор. Адам өмірін сақтайтын ақ халаттылар халықты донор болуға шақырады.
«Қан банкін жасап қойғанымыз түрлі келеңсіздіктердің алдын алады. Қан тапсырған қайырымдылық қана емес, дені сау адам үшін пайдалы да. Біздің ұйымның арасында үнемі қан тапсырып тұратын тұрақты донорлар жетерлік», – дейді Бәйдібек ауданының орталық ауруханасы бас дәрігердің орынбасары Бексұлтан Рысбеков.
Науқасты емдеп, аяққа тұрғызып қана қоймай, қайырымдылық ісімен де үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ақ халаттылардың бұл шарасына ауыл тұрғындары да қосылып жатыр.
Бұл сауапты іс қана емес, қан тапсыруға ниет еткен адамның денсаулығын тексертуіне де тиімді болып тұр. Өйткені, қан тапсырар бұрын дәрігерлер талапкерден алдымен тегін сынама алады. Ағзадағы қанттың нормасы, холестериннің деңгейі, тағы басқа деректер сол мезетте анықталады.
Донор – белгілі бір дертке шалдыққан науқасқа өз еркімен қан беретін адам. Латын тілінен аударғанда «мейірімділік» деген мағынаны білдіреді екен. Донорлық қан әртүрлі жарақатта, күрделі ота мен бала босанудың ауыр жағдайларында өте қажет. Оны жасанды бірде-бір сұйықтықпен алмастыруға келмейді. Жер планетасындағы әрбір үшінші адам өмірінде бір рет болсын қан құюға мұқтаж болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қан тапсыруды әдетке айналдырған адам қан тапсырмайтындардан орташа есеппен 5 жыл артық өмір сүреді.