Дәстүрлі әндер шарасы «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орайластырылған. Қазақтың байырғы өнерін сағынғандар ұлттық музыкалық кештен табылып, ән мен жырға бөленді.
Төл өнеріміз Шымкентте ұлықталды. Дәстүрлі әншілер мен жыршы-термешілерден құралған ұлттық өнер керуені қаламызда аялдады. Концерттік шараға Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы шақыртылған жыр дүлділдері қатысқан. Сондай-ақ, жоба жас өнерпаздардың да сахнада өнер көрсетулеріне жағдай жасапты.
Гүлмира Сарина, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласының қатысушысы:
«Жаңа ғана оңтүстік өңірінің өнерпаздарының өнерін көрдік. Жас та болса балалардың бойындағы дарындылығы бар. Алла қаласа ойлаймын, әрмен қарай жалғастырады, өнерді тастаймайды деп. Концерттен алған әсеріміз шексіз. Халыққа ұнады деген ойдамыз. Халықтың сусап қалғанын байқап жатырмыз. Халық әніне, домбырамен, сырнаймен орындалып жатқан әндерге халық сусап қалыпты».
«Ұлы даланың көне сарындары» музыкалық фестивалі осымен 3-рет ұйымдастырылып отыр. Семей, Павлодар қалаларынан басталған жоба Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент жұртшылығын қуантты. Концерт қонақтары қатысушыларға ерекше қошемет көрсетіп, үздіксіз шапалақ соғып жатты. Қолқалап қайта-қайта ән-күй сұрап жатқандары да болды.
Сафуан Шәймерденов, режиссер: «Танымал әншілеріміздің басын қоса отырып облыстарды аралап халықтың дәстүрлі фольклорлық өнерін халыққа паш ету. Рухани жаңғыру, жаңару мақсатында , әсіресе кейінгі жылдары кенже қалып бара жатқан біздің дәстүрлі өнерімізді халықтың өзіне қайтару- басты мақсатымыз».
2 сағатқа созылған кеште 30-ға жуық ән-күй орындалды. Айта кетейік, өнер керуені жыл соңына дейін еліміздің 15 облысын аралап, қорытынды кешті Алматы қаласында беруді жоспарлап отыр.
Айя Мүтәлі