Шымкентте глюкоза-жеміс шәрбатын шығаратын өндіріс орны ашылды

527

Елімізде баламасы жоқ бірегей жоба іске қосылды. Жүгеріден алынатын глюкоза-жеміс шәрбатын өндіретін цех ашылды. Жоба 5 бағыт бойынша жұмыс істемек. Шикізатты шетелден тасымалдайтын компаниялар үшін отандық өнім таптырмас қайнар көзі болғалы тұр. Өйткені тәтті өндірісіне, сусын өндірісіне аса қажетті шикізат енді өзімізде өндірілмек.

Ғылыми жобалар енді шаң басып архивтерде жатпайтын болады. Күнгейдің бас оқу ордасы М.Әуезов атындағы ОҚМУ -і 2016 жылы «Ғылым қоры» АҚ-ның грантын ұтып алған болатын. Жүгеріден кондитерлік кәсіпорындарға аса қажетті шикізат өндіретін цехты аталған оқу ордасының серіктесі «АлиКа групп» компаниясы жүзеге асыруда. Бүгін бірегей жобаның лентасы қиылды.

Азамат Батырбеков, глюкоза-жеміс шәрбатын -нің директоры: «Компаниямыз 2017 жылы құрылды. Жаңа жобаны өндіріске енгізіп жатырмыз. Жүгеріден алынатын глюкоза-жеміс шәрбаты кондитерлік өнімдерге, джем, конфитюр, сусын өндірісіне таптырмас шикізат болып табылады».

Жүгеріні терең өңдеу арқылы қант алмастырушы табиғи шәрбат шығарады. Ол сиропты кондитерлік өнім өндірісінде, сусын шығаруға қолданады. Серіктестік қалдықсыз технологияны да меңгерген. Өндірістен қалған сығындыдан биожем шығарады.

Жүгеріні Отырар ауданынан алады. Серіктестік биыл жер алып, жүгері егуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жүгері шаруашылығының дамуына да өзіндік септігін тигізбек. Мұнда күніне 2 тоннаға жуық өнім өндіреді. «Тассай» индустриалды аймағында орын тепкен өндіріс орны алдағы уақытта тек жергілікті өндірушілерге ғана емес, шетелдік компанияларға да өнімін саудалауды жоспарлап отыр.

Әнуарбек Сұлтанғазин, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы: «Екі жарым жылдың ішінде өнім өндіретін жағдайға жетіп отыр. Елбасымыз елімізде кәсіпкерлер мен ғалымдар біріге жұмыс істеу керек деген болатын. Бүгін осы екі тандемнің жетістігіне куә болып отырмыз».

Ұтып алған грант көлемі 184 млн. теңгені құрайды. Аталған қаражат құрал — жабдық сатып алуға, ферменттерге жұмсалған. Ал өндірістің жалпы құны 400 млн. теңге. 4 жылда кеткен шығынды ақтайды деген жоспар бар. Бүгінде өндірісте 15 адам жұмыс атқаруда. Жалақылары орта есеппен 70-80 мың теңге. Мұнда өндірілген өнімге сұраныс өте көп.

Әлім Мизамходжаев, бас технолог: «Глюкоза-жеміс шәрбатын жаңа технология бойынша алдық. Құрал — жабдықтарды өзіміз жинадық. Сызбасын жасап, бәрін осында құрастырдық. Осында өндірілетіннің барлығы да таза табиғи өнім».

Ғылыми жобалар өндіріске ендіріліп, біріге жұмыс атқарылуда. Отандық өндіріс күш алып, осылайша шетелікдік өнімдерді нарықтан ығыстырп шығаруда. Алдағы уақытта тек отандық өнім қолданатын күн де алыс емес. Оның жарқын көрінісі де осы.

Г.Жұмаш